Шымкентте детектив шығармалар байқауы қорытындыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте детектив шығармалар байқауы қорытындыланды

02.12.2024

Шымкентте Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауы қорытындыланып, үздік туынды авторлары марапатталды. Шығармашылық бәйгеге жолданған жүзден астам көркем шығарманың ішінен оқиға желісі дара, көркемдік деңгейі сара үздік он шығарма оқырман қауымға ұсынылды.

Ақын әрі жазушы Әділбек Ыбырайымұлы байқауға қатысып, детектив жанрында шығармашылық қарымы мен қалам қуатын бағамдап көрді. Ол шытырман оқиғалы туындысында спорт саласындағы әділетсіздікті әшкере етіп, оқырманға қылмыстың соңы жаза екенін ұқтыруға тырысқан. Автор сондай-ақ детектив жанрын түрлендіріп, жаңашыл бағытта өрістеуіне күш салдым дейді.

Әділбек Ыбырайымұлы, жазушы:

Тек оқиғаларды қуған шығармалар емес интелектуалды детективтер осы күні бірінші планға шығып жатыр. детектив шығармалар жазып жүрген қаламгерлердің ой-жемісі ғылымның қарыштап дамуында жетекші роль атқаруы керек.

Байқауда Әділбек Ыбырайымұлы секілді қарымды қаламгерлермен бірге журналистер, заңгерлер мен құқық қорғау саласының қызметкерлері де бақ сынап көрді. Қазылар алқасы олардың 106 туындысын оқып шықты. Ұйымдастырушылар биыл шығармашылық сайыстың талаптарын күрделендіріп, қазақ әдебиетінде кенжелеп келе жатқан жанрды мейілінше байытуға тырысты.

Айнұр Сембаева, байқауды ұйымдастыру тобының мүшесі:

Биыл шығарманың деңгейін де өсірдік. Көлемін де ұлғайттық. Сонымен бүкіл құқық қорғау саласында жұмыс істеп жүрген, қылмысты ашып жүрген мықты қызметкерлердің жиынтық образын қалыптастыруға тырыстық. Және сол талабымызға сай келетін шығармалар көп түсті.

Байқаудың бас жүлдесіне Тұрақ Әдияұлының «Бес миллиондық кемпір» шығармасы лайық деп танылды. Автор 1 жарым миллион теңге сый алды.

Қазылар алқасы үздік деп таныған шығармалардың барлығы енді «Шытырман» деген атпен кітапқа топтастырылатын болды.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу