Ақсу қаласындағы кейбір тұрғын үйлерде жылу мардымсыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақсу қаласындағы кейбір тұрғын үйлерде жылу мардымсыз

02.12.2024

Қыс енді басталды. Ал Павлодар іргесіндегі Ақсу қаласы тұрғындары суықтан жаурап отыр.

Бұл шаһардағы жаңа салынған үйлердің бірі. Астана көшесіндегі 39 және 41-ші үйлердің тұрғындары төрт жылдан бері жылуға жарымай отырмыз, - дейді. Әзірге далада ауа температурасы 10 градустан төмендеген жоқ. Соның өзінде кей тұрғындар туыстарының үйін паналап жүр.

Зейнегүл Тұяқбаева, Ақсу қаласының тұрғыны:

Ауыздан да бу шығады. Қазір далада күн жылы. Соның өзінде осындай. Мен таңертең келдім, демде тоңа бастадым. Шындықты айтамыз. Түгел әйнекті ауыстырдық жылы бола ма деп. Міне, жай отырғанда кәдімгідей тоңасың.

Мүлік иелері бірлестігі мәселеден хабардар. Көпқабатты бұл үйлерді биылғы жылыту маусымына дайындауға үлгермегендерін мойындап отыр. Енді жөндеу жұмыстарын келесі көктемге яғни, жылу беру тоқтаған соң бастамақ.

Серік Рахымжанов, мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:

Материал дайын тұр. Жертөленің ішінде тұр. Құбыр түгелі дайын. Жылу маусымы біткен соң бастаймыз бәрін.

Ақсуда бюджет қаржысына салынған жаңа шағын жылу орталығы бар. Бірақ соны жергілікті билік бес жылдан бері іске қоса алмай отыр. Яғни 11 млрд теңге қаржыны жұтып алған стратегиялық нысан еш пайдасын тигізбеген күйі тозып барады.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу