Қазақтың біртуар қызы туралы деректі фильм Америкада топ жарды. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының қолдауымен түсірілген «Қарлығаш» туындысы Нью-Йоркте өткен кинофестивальде жоғары бағаға ие болды.
Музыкалық фильм бұған дейін екі мәрте Үндістанда өткен бәсі жоғары бәсекелерде жүлделі орынға ие болғанын айта кетейік. Кинолентада «Айгүл» ансамблінің әншісі, 40 жылға жуық «Қазақстан» телеарнасында қызмет еткен Қарлығаш Мұртазинаның өмір жолы баяндалады. Туындыда кейіпкердің өмірі арқылы халықтың тарихы, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы мен Семей полигонының зардабы сөз болады. Фильмнің дайындалуына 2,5 жыл уақыт кеткен.
Туындыны канадалық режиссер Марина Десяткина мен оператор Валерий Дегтярев таспалаған. Шығармашылық топ кейіпкер образын ашу үшін Абайдың, Шәкәрімнің шығармаларын оқып, Көкбайды зерттеген. Қазақстан тарихын зерделеген.