Алматыдағы Ахмет Жұбанов негізін қалаған мектеп-интернатына биыл 60 жыл толды.
Мерейлі мерекеге орай білім орнының жас таланттары гала концерт ұйымдастырды. Шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты. 1964 жылы қазақ музыкасын зерттеуші, академик Ахмет Жұбановтың бастамасымен мектеп-интернатының іргесі қаланды. Алғашында 250 балаға арналып салынған оқу ошағының қазір аясы кеңейіп, 500-ге жуық шәкірт білім алып отыр. Жас өнерпаздар жыл сайын халықаралық деңгейдегі жарыстарда жүлдегер атанып, ел мерейін көтеріп, әлемдік музыка өнерінің дамуына үлес қосып келеді. Мамандандырылған музыка мектебінде халық аспаптары, үрмелі және ұрмалы аспаптар, арнайы фортепиано, дирижерлау, концертмейстерлік және жалпы пәндер оқытылады. Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде білім ордасынан елімізге белгілі өнер қайраткерлері оқып, қанаттанып шыққан.
Жанар Ысқақова, А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған мектеп-интернаты директорының орынбасары:
60 жылдық мерейтой басқа мерекелерден ерекшеленіп отыр. Ерекшелігі сол балаларымыздың 80 пайызы осы іс-шараға атсалысып, қатысып жатыр. 60 жылдыққа қарай біз 60 іс-шара ұйымдастырдық.
Айдана Қуантхан