69 жастағы зейнеткер Түркістандағы жоғары оқу орнында білім алып жүр. Ыстамбұл қаласынан келген Кадрие Ышыклы Қожа Ахмет Ясауи университетінің ең егде студенті саналады. Қазір ол дайындық орталығында қазақ тілін үйреніп, мәдениетімен танысып жүр. Зейнеткердің келгеніне небәрі 1,5 ай болса да, мемлекеттік тілді меңгеріп қалған. Үш баланың анасы бұған дейін әлемнің 20-ға жуық елін аралағанын айтады. «Ендігі мақсатым – Орталық Азия елдерімен етене танысу»,- дейді ол. Кейін тіл меңгеріп, сол елдерге де саяхаттап баруды жоспарлап отыр.
Кадрие Ышыклы, студент:
Мен Түркияда туризм мамандығы бойынша білім алдым. Ел аралап, қалаларға саяхаттағанды қатты ұнатамын. Ал Қазақстан туралы бұрыннан естіп, біліп жүрдім. Бірақ келіп, осы елдің жерін көріп, аралап, қазақ тілін үйренгім келді. Қазір сол арманымды орындап жатырмын.
Айнұр Әбілқасымқызы