Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 80 жылдығына арналған мерейтойлық гала-концерт өтті.
Ұлттық музыкамыздың ұстаханасы ретінде танылған өнер ұжымына Президент арнайы құттықтау хатын жолдады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жеткізді. Сондай-ақ мерейлі дата аясында консерваторияның қызметкерлері «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 23-ші қарашадан бастап 10 күн бойы әртүрлі шеберлік сабақтары, шығармашылық кездесулер, халықаралық конференция және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылды. Өркениетіміздің өрісін кеңейтіп, оны жер жүзіне танытқан көптеген майталман мамандар осы қара шаңырақтан қанат қаққан. Аға буын салған сара жолды кейінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді. Олар еліміздің шығармашылық ұйымдарында табысты еңбек етіп жүр.
Әбділхамит Райымбергенов, консерватория түлегі, ҚР мәдениет қайраткері:
Кешегі Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова апаларымыз, айта берсек, осы өнер саласындағы бүкіл майталмандарымыздың бәрі осы біздің қара шаңырақтан шықққан. Мұның орны ерекше. Әлі күнге дейін сол баяғы өзінің мекенжайында, өзінің орнында талантты еліміздің жастарын тәрбиелеп жатыр.
Ернұр Медет