Енді квазимемлекеттік сектордың кірістері бойынша Парламент пен қоғамға есеп берілетін болады.
Бүгін Мәжілісте бюджет кодексіне қатысты заң жобасының екінші оқылымы өтті. Ол құжатқа сай, бүкіл мемлекетке қатысты қаражат шоғырланып, біріктірілмек. Бұрын республикалық және жергілікті бюджет Мәжіліс пен мәслихаттарда қаралған. Енді квазимемлекеттік сектордың және әртүрлі мемлекеттік қорлардың бюджеті Парламенттік бақылауда болады. Сондай-ақ бюджетті дайындау, жоспарлау, бекіту процестері 50 пайызға қысқарады.
Жалпы бюджеттің жұмсалуы ашық әрі цифрлық форматқа көшпек. Ең бастысы – бюджет бойынша қаражатты игеруге емес, нақты нәтижеге қол жеткізудің маңызы артып, сол бойынша ғана атқарылған жұмыс бағаланады.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Үкіметтен келген Кодекстің жобасына депутаттар тарапынан өте үлкен концептуалды өзгерістер енгізілді. Әсіресе, ұлттық қор ресурстарын тиімсіз жұмсау мәселесі жиі көтерілген болатын. Осы орайда жаңа бюджет кодексінде сол қаражаттарды нақты мақсаттарға пайдалану жөнінде норма бекітілді. Ел президенті де бізге осындай тапсырма берген болатын. Енді ұлттық қор қаражаты елді мекендерге немесе өндірістік маңызы бар инфрақұрылымна ғана жұмсалатын болады.
Азамат Нұғыменов