Қостанай облысында бруцеллез ошағы анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында бруцеллез ошағы анықталды

04.12.2024

Қостанай облысының Калинин ауылында жүзден астам сиырдан бруцеллез анықталып, шектеу шаралары енгізілді. Індетке шалдыққан малдың бәрі мәжбүрлі түрде етке тапсырылды. Тұрғындар арасында қолындағы азын-аулақ түлігінен түгел айырылғандар да бар. Ауру мал арзанға кеткендіктен оның орнына басқасын сатып алуға да мүмкіндік жоқ.

Қорасы қаңырап қалғандардың бірі – Оразалы Лезбаев. Бруцеллез анықталған соң амалсыз сегіз сиырын бірдей етке тапсырды.

Оразалы Лезбаев, Калинин ауылының тұрғыны:

Ірі қара қалған жоқ. Міне, төрт бұзау қалды. Сосын 7-8 қой қалды. Біраз мал кетті. Халық енді малмен күн көріп отыр ғой.

Қырық шақты түтіні бар шағын ауылдағы сиыр саны шамамен үш жүзге жуық еді. Ресми мәлімет бойынша, соның 116-нан бруцеллез анықталған. Жергілікті жұрт мәжбүрлі түрде етке өткізілген малдың нақты саны одан да көп деп отыр. Берілген төлемі өте төмен.

Үміткүл Мырзатаева, Калинин ауылының тұрғыны:

Міне, қора бос болып тұр. 6 бас малым бруцеллезге шалынды. Кетті, жібердік. 1780 теңгеден арзан кетті. 450 мыңға алған сиырымыз  360 мыңға кетті.

Ал ветеринар мамандардың сөзінше, аймақта бруцеллезге қатысты жағдай тұрақты. Мысалы, былтыр өңірде 25 жұқпалы індет ошағы анықталса, биыл төртеуі ғана тіркелген. Қазір олардың бәрі республикалық эпизоотикаға қарсы жасақтың бақылауында.

Аяз Даненов, облыстық Ветеринария басқармасының бас маманы:

Сою обьектісінде сол малдар сойылғанда патологиялық материалдар іріктеліп, алынып, лабороторияға жіберіледі. Сол лабороторияның сынақ хаттамасына сәйкес ошақты белгілейді. 15-20 күн сайын қан алып отырады. Шектеу шараларын екі теріс нәтижеге дейін ірі қара малдан қан алып отырады.

Бруцеллездің таралуына жануарлардың бақылаусыз тасымалдануы мен қаңғыбас иттердің көбеюі себеп. Жағдайды ушықтырмаудың жалғыз жолы – жедел түрде ауру малдан арылып, жаппай залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу, дейді мамандар.

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу