Шығыс Қазақстанда 30 жыл бұрын істен шыққан жылу қазандығы іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда 30 жыл бұрын істен шыққан жылу қазандығы іске қосылды

05.12.2024

Шығыстағы Күршім ауданында отыз жыл бұрын істен шыққан орталық жылу қазаны қайта іске қосылды. Бұған дейін көмір жағып, күл шығарып келген көпқабатты үйдің тұрғындары қиыншылықтан құтылды. Ал мектеп пен балабақша және аурухана сияқты әлеуметтік нысандар да енді бір орталықтан жылытылады.

Күршім ауылындағы төртінші мектеп бұған дейін электр құрылғымен жылытылып келген. Кейде жылыту жүйесінен ақау шыққанда 500 бала оқитын ғимарат бірден суып кететін. Оған қоса электр тарифі де қымбат. Енді бұл мәселенің бәрі шешілді.

Қанағат Сләмова, мектеп директоры:

Бұрынғы кезде 8-7 миллион теңге дейін ақша төлеп жүрсек, қазіргі кезде 2 миллион 600 мың теңге көлемінде ақша төлеп жүрміз. Яғни 4 миллиион теңгеден астам қаражат үнемдеп жатырмыз. Біз өте қуаныштымыз.

Күршім аудан орталығы болғандықтан бұрын әлеуметтік сала мен көп қабатты үйлер орталық қазандықпен жылитын. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда оның бәрі тоқтаған. Әлеуметтік нысандар электрге немесе жеке қазандыққа көшірілген. Ал көп қабатты үйдегі әр тұрғын пәтеріне жал пеш салды.

Сексеннің сеңіріндегі - Валентина Мушанкова 30 жыл үшінші қабатқа отын тасып, күл шығарып келді. Бірақ қария биыл баспанасы орталық жылуға қайта қосылады, дегенде сенбегенін айтады.

Валентина Мушанкова, Күршім ауылының тұрғыны:

Қирап қалған қазандықтар мен жылу құбырлары жөнделеді деген бос әңгіме шығар деп ойладық. Өйткені қаншама уақыт өтті. Алайда арманымыз орындалды. Қазір пәтеріміз жып-жылы. Ең бастысы отын тасып, күл шығару қиындығынан құтылдық.

Қараусыз қалған қазандықтарды жөндеу қарқынды жүріп жатыр. Келер жылы тұрғын үйлермен қатар бірнеше мемлекеттік мекеме орталық желіге қосылады.

Аслан Ақанов, «Күршім» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры:

Мемлекеттік органдар бар, әкімдік ТҮКШ сияқты ғимарттар бар, олардың бәрі тоқпен жылынады. Оның бәрін экономға алу үшін көмірмен жақса, қазір сол экономды болады деп, шешіп сондай жұмыстар атқарып жатырмыз қазір.

Дегенмен Күршімде орталық жылуға қосылмаған әлі 29 көпқабатты үй бар. Ол баспаналар алдағы жылдары кезең-кезеңмен қосылмақ. Ал инфрақұрылым жаңартылса әр отбасында жайлылық болады. Бұл шекарадағы аудан халқы үшін қазір ең басты мәселе.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу