Биыл 845 мың қазақстандық тұрақты жұмысқа орналасты. Олардың жартысы жастар. Үкімет 2024 жылы атқарылған ауқымды жұмыстардың қорытындысын шығарды. Зейнетақы, жалақы да жоспардағыдай өсірілген. Халықты баспанамен қамту, білім, медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытында да ауқымды істер бар. Оңғар Алпысбайұлы ретімен айтады.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Биыл 845 мың қазақстандық тұрақты жұмысқа орналасты. Олардың жартысы жастар. 9 мыңға жуық азамат өздерінің бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін мемлекеттен грант алған.
Жалпы, осы жылы бюджет шығыстарының 53 пайызға жуығы әлеуметтік салаларға бағытталған. Зейнетақы 9 пайызға, базалық зейнетақы 7 пайызға артты. Осылайша, орташа зейнетақы 165 мың теңгеге жетті. Ең төменгі жалақы мөлшері де жыл басында көтерілді. Қаңтар айынан бастап ол 85 мың теңге болды.
Цифрлық отбасы картасы арқылы 8,5 мыңға жуық адамға мемлекеттік қызмет көрсетілген. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 18 жасқа дейінгі балалардың шотына 695 млн доллар аударылды.
Маңызды мәселелердің бірі - медицина. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жоба аясында 655 бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысаны, 257 медициналық пункт, 238 фельдшерлік пункт және 160 дәрігерлік амбулатория ашылады. Бүгінгі таңда 251 нысанның құрылысы аяқталды.
Одан бөлек, Алдағы 7 жылда Қазақстанда 111 млн шаршы метр баспана салу жоспары тұр. Биыл оның 18 млны тапсырылады. Осылайша барлығы 1 млннан астам отбасы баспаналы болмақ.
Осы жылы барлығы 36 жаңа жайлы мектеп пайдалануға берілді, оның 15-і ауылдық елді мекендерде салынды. 31 желтоқсанға дейін 76 нысан есігін айқара ашады.
Ғылым саласында 2021 жылдан 2024 жылға дейін гранттық қаржыландыруға 16 конкурс өткізілді. Нәтижесінде жас ғалымдар 2 мыңнан астам ғылыми жобаны жүзеге асырды.
Оңғар Алпысбайұлы