Жамбыл облысында жыл басынан бері 161 көлік отқа оранған. Әсіресе жеңіл көліктер жиі өртенеді. 30-дан аса жүк көлігін де жалын шарпыған. Жуырда қалааралық бағытта қатынайтын автобус жанып кетті. Тілсіз жаудың кесірінен көлік иелеріне 30 миллион теңге шығын келген. Өрттің өршуіне электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп. Әсіресе құрастырылғанына 15-20 жыл болған ескі машиналар жиі өртенеді. Сондықтан қауіпсіздік талаптарына баса мән беру керек, - дейді мамандар.
Алмас Жұматаев, Жамбыл облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
Жыл басынан бері бізде өрт қауіпсіздігі айлығы болсын, басқа да іс-шаралар барысында 27 мыңнан астам адамға алдын алу шаралары бойынша нұсқамалар жүргізілген. Тұрғын үй секторында болсын, жаңағы адамдар жаппай жиналатын орындарда алдын алу шаралары апта сайын жүргізіліп отырады.
Данияр Әлімқұл