Ақтөбе облысындағы мұнай компаниялары жер асты суларын ластап жатыр. Ғалымдардың айтуынша, «Көжиде» деп аталатын аумақтағы су қоры елдің батысындағы үш облыстың халқына 30 жылға жетеді екен. Алайда бұған дейінгі кейбір зерттеулер топырақ қабатының бүлінгенін көрсетті. Сондықтан қазірден бастап шара қабылданбаса, су ластанып, өңірдің экологиялық ахуалы да күрт нашарлауы мүмкін.
Бұл аумақта 5 мұнай компаниясы жұмыс істейді. Олар көмірсутек шикізатын барлап, өндірумен айналысады. Алғашқы ұңғымалар 55 жыл бұрын пайда болған. Қазір мұндай 150-ге жуық құрылғы бар. Ал су қабаттары сексенінші жылдары зерттеле бастады. Соңғы зерттеулер мұндағы жер асты көлінің аумағы 15 жыл бұрынғымен салыстырғанда екі есеге өсіп, 600 мың текше метрге жеткенін көрсетті.
Анарбек Дәулетияров, инженерлік экология магистрі:
Қазіргі таңдағы басты мәселе - мұнай-газ өндіруші мекемелердің сол жерде жұмыс істеуі. Ең болмағанда бір құрылғыдан мұнай-газ өнімдерінің шығуы, төгілуі орын алатын болса, жаңа айтып отырған 1,5 млрд метр куб таза су қорын жоғалтып алуымыз мүмкін.
Үш жыл бұрын топырақ қабаттарын ластағаны үшін «Көкжиде» аумағындағы мұнай компанияларына бір млрд теңге көлемінде айыппұл да салынды. Өндіріс орындарынан шығатын зиянды қалдықтар су қорын ластамай қоймайды. Егер қандай да бір апат болса, жағдай тіпті ушығуы мүмкін.
Ақылжан Телеуов, биология ғылымдарының кандидаты:
Біз айтып отырған су қабаты екі метр тереңдіктен басталады. Яғни, бүліну қаупі өте жоғары, бүлініп те жатыр. 1980-ші жылдары алғаш зерттегенімізде, тәулігіне 196 мың текше метр су беруге қауқарлы болатын. Ал қазір 170 мың текше метр. Сондықтан тез арада нақты шаралар қолға алынуы тиіс.
Ақтөбеге жиналған ғалымдар мен министрлік өкілдері осы мәселелерді ортаға салды, шешу жолдарын талқылады. Бұған дейін Үкімет бекіткен жоспарға сәйкес, мұндағы бес мұнай компаниясы бұрғыларын алдағы бес жыл ішінде кезең-кезенмен жабуы тиіс.
Айбек Ижанов, «Қазгидрогеология» Ұлттық гидрогеологиялық қызметі» коммерциялық емес АҚ басқарма төрағасы:
Қазіргі таңда мұнай компаниялары тарапынан жалпы зерттеулер жүргізіліп жатыр. Бұл күрделі мәселе. Біраз іс-шаралар қолданылады. 150 ұңғыманы белгілеп отырмыз.
«Судың да сұрауы бар». Кейбір зерттеулерге сүйенсек, 2050-ші жылдарға қарай Орта Азиядағы су тапшылығы қырық пайызға жетеді. Сондықтан ғалымдар мұнайға емес, тұщы су көздерін сақтауға басымдық берілуі тиіс деген тұжырымға келіп отыр.
Жақсыбек Кемал