Биыл мектептерде 600-ге жуық бала тегін тамақтан уланған. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4 есе артқан. Бүгін Сенатта өткен Парламенттік тыңдауда азық-түлік қауіпсіздігі жан-жақты талқыланды. Импортқа тәуелділікті азайтып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мәселелері де осы жиында қаралды. Оңғар Алпысбайұлы тарқатады.
Қазақстан – ауыл шаруашылығына икемді ел. 27 млн гектар егістік және 183 млн гектар жайылым жер бар. Жылына 18 млн тонна астық өндіреміз. Алайда біз әлі күнге дейін құнарлы жерлеріміз бен бай ресурстарымыздың әлеуетін толық пайдалана алмай келеміз. Оның дәлелі күнделікті тұтынатын азық түлігіміздің біраз бөлігін сырттан сатып алып отырмыз.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Бірқатар тауар бойынша импортқа тәуелділік сақталып отыр. Құс еті 73%, шұжық өнімдері 60%, балық 54%. Ірімшік және сүзбе 57%. Қант 42%.
Өнім өзімізде шығарылмағандықтан сапасын бақылау да оңай емес. Мектептерде, қоғамдық тамақтану орындарындағы асханалар да сырттан келген арзан тауарларды алуға әуес. Енді мұндай жерлерде сатылатын тағамдардың сапасы қатаң бақылауға алынбақ.
Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары:
Модельдеу бойынша дүниежүзілік банкпен бірге жасаған расымен де тәтті сусындардың сатылуы азаяды. Алайда таза судың сатылуы 40 пайызға дейін жоғарылайды.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
ДДСҰ-ның мынадай статистикасы бар. Әлемде дұрыс тамақтанбағандықтан жыл сайын 600 млн адам ауруға шалдығады. 420 мыңы қайтыс болады. Қазақстандағы жағдай да мәз емес. Бір ғана мысал келтірейін, біздегі 6-9 жас аралығындағы балалардың 21 пайызы семіздік ауруына шалдыққан.
Жиынға қатысқан қазақстандық кәсіпкерлер саладағы сапаны қолға алуға дайынбыз деп отыр. Тек мемлекеттен қолдау керек.
Айдар Әбілдинов, Қазақ тағамтану академиясының өкілі:
Қазір балаларға дәрумендер жетіспейді деп көп айтамыз. Ал біз пайдасы ғылыми дәлелденген өнімдерді барлық мектептерге жеткізе аламыз. Ірі қалаларға бөлімдерімізді орналастырамыз деген жоспарымыз бар. Оның үстіне отандық өнім өзгелерге қарағанда арзанырақ болады.
Президент 2028 жылға дейін өзімізде өскен өнімді өңдеу үлесін 70 пайызға жеткізуді жүктеген. Мақсат айқын, жоспар жүйесіз еді. Салада жүрген мамандар бұған қатысты да ұсыныстарын айтты.
Әлихан Талғатбек, «KazFoodProducts» аграрлық холдингінің бас директоры:
Біз өнімін қазақстандық өңдеу зауыттарына сатқан фермерлерге субсидия беруді ұсынып отырмыз. Мұның экономикалық пайдасы орасан болады. Жүгеріге осындай тәсіл қолданған едік, 4 жылда терең өңдеу қарқынды дамыды. Ал қазір біз бидайды еш өңдемей шетелге арзанға сатып жатырмыз. Дайын өнім шығарсақ, біріншіден отандық өнім, жаңа жұмыс орындары, қосымша салық, шетелге де бірнеше есе қымбаттатып экспорттай алар едік.
Ауыл шаруашылығы саласындағы ғылымның дамуы да ойдағыдай емес. Зерттеулер көбіне өндіріске енгізуге емес, академиялық көрсеткіштерге бағытталған. Сенат Төрағасы бұл мәселені жылдам шешу қажеттігін айтты.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Азық түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін агро ғылымды дамыту да өзекті мәселе. Осы бағытта мемлекеттік органдар тиімді әрі нақты қадамдарды жүзеге асыруы керек.
Жалпы, ауыл шаруашылығының дамуына тұсау болып отырған кедергілердің қатарында техникалық жабдықтаудың жеткіліксіздігі, заманауи инновациялық технологияларды тиісті деңгейде пайдаланбау сияқты мәселелер де бар. Бұл проблемаларды оңтайлы шешу үшін мемлекет, бизнес және ғылым күш біріктіре жұмыс істеуіміз керек деп тарқасты қатысушылар.
Оңғар Алпысбайұлы