Ұстаздық – ұлы мамандық - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұстаздық – ұлы мамандық

06.12.2024

Шымкенттік Әдиса Мүсірәлиева – білім саласында ыждаһатты ізденіс және жаңашылдықпен іс етіп жүрген шығармашыл тұлға. Ұлағатты ұстаз жыл сайын халықаралық және республикалық деңгейдегі білім сайыстарында топ жаратын зейінді шәкірттер тәрбиелеп келеді.

Орыс тілі пәні оқушылар үшін үнемі ізденіске толы. Ұстаздың шешендігі мен оңтайлы әдістемесінің арқасында әдебиет әлемі одан да қызық бола түседі. Көркем шығармадағы әрбір кейіпкердің іс-әрекетін талдап түсіндіру арқылы мұғалім шәкірттер бойына ізгілік қасиеттерді сіңіруге барын салады.

Әдиса Мүсірәлиева, мектеп мұғалімі:

Өмір бойы мектептегі мақсатым – баланың білімге деген қызығушылығы бір реттік болып қалмаса, қазір баға алып, әрі қарай қоя салмаса, үздіксіз жүріп жатқан процесс болса деп тілеймін.

Әдиса Мүсірәлиеваның мектепте ұстаздық еткеніне 40 жылға жуықтады. Білімі және асқан зеректігімен танылған шәкіртерімен мақтанады. Білім беру ісінің үздігі Ыбырай Алтынсарин және Ерен еңбегі үшін медалімен марапатталған. Мұндай ұстаздық ұлағатқа ол тынымсыз ізденіс, білім мен тәжірибені күн сайын жетілдіру, жаңашылдыққа ұмтылудың нәтижесінде жетті.

Зәбира Төлешбаева, мектеп директорының әдістемелік істер жөніндегі орынбасары:

Мақсатына жетпей қоймайтын табандылығы бар. Олимпиадаға оқушы дайындау бір күндік жұмыс емес. Жанына отырғызып, үнемі жетелеп, зерттеп-зерделеп, қалай жұмыс жасаса дұрыс болатынын, барлығын көріп-біліп, тереңнен, жан-жақты жұмыс жүргізе алады.

Ұлғатты ұстаз мектеп оқушыларына білім берумен бірге болашақ мұғалімдерді оқытуға да уақыт табады. Педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттеріне индивидуалды оқыту арқылы өзінің іс-тәжірибесін үйретіп келеді.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу