Мемлекет басшысы АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескенін, Aqorda телеграм арнасы бейсенбі түнге қарай хабарлады.
«Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампты Америка Құрама Штаттарының Президенті болып сайлануымен құттықтады. Саясаткерлер сауда, инвестиция салаларында және ядролық қаруды таратпау бағытында стратегиялық серіктестікті дамытуға бейіл екендерін растады. Мемлекет басшысы халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша Қазақстанның ұстанымын жеткізді»,-деген ақпаратта.
Осы аптада Президент Сауд Арабиясының астанасында One Water саммитіне қатысып, сөз сөйлеген. Бұл жиынды ұйымдастырушылардың бірі – біз, Қазақстан.
Судан таршылық көрмеудің маңызды аспектілерінің бірі – су қоймаларының әлеуетін арттыру, мұздықтарды сақтау, суарудың инновациялық жүйесін енгізу.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұздықтарды қорғау мен зерттеуге арналған жаһандық орталықтарды біріктіретін серіктестік құруды ұсынды.
Еліміз 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Өңірлік климат конференциясын өткізеді, деді Президент. Қ.Тоқаев су тапшылығы азық-түлік және энергетика қауіпсіздігіне, өнеркәсіп өсіміне қауіп төндіретініне тоқталған.