Маркетплейстер: Пайдасы мен зияны қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маркетплейстер: Пайдасы мен зияны қандай?

08.12.2024

Маркетплейстер. Бұл тұтынушы үшін жаман болмады. Керек затыңа үйде отырып тапсырыс беру – рас, ыңғайлы. Алып кететін нүктелер де үйіңнен алыс емес, уақытың болғанда соға саласың. Бірақ басқалар ойламаса да, журналистер ойлайды - саудамен айналысатындар не амал қылып жатыр екен? Олардың уайымы көбейгенін сезесің.

Маркетплейстер шыққанша өз күнін өзі көріп жүрген сауда адамдарының қарасы қалың етін. Енді оларға қайтпек керек? Шынында маркетплейстердің кемшін тұсы аз емес. Фото/видеодағы тауар келмейді, сапасы нашар болып шығады дегендей.

Сонымен бірге олар салық төлеп отыр ма, тауарлардың сипаттамалары жазылған ба? Мұны атқарушы билік қадағалауы керек. Ондаған мың теңгеге сауда жасағанын білмей қалатын тұтынушыны еліктіріп қоятын амал-айласы заңды ма?

Жеңілдік алу үшін барабанды айналдыру, арасында тегін тауар ұсыну – адамды тәуелді қылып қою әдісіне ұқсайды. Бұл да қарайтын мәселе. Иә, дүкендер жойылып кетпейді. Бірақ нарықтағы орны тарыла беретін сияқты.

Ал арзан тауар жеткізетін маркетплейстердің өркендегеніне мүдделі тарап көбейе береді. Тек «тиын тұрады» деп керек емес зат ала беру әдет болып кетуі мүмкін. Сосын «арзанның сорпасы татымас» деп бұрқылдап жүргенің.

Данияр Қайыртайдың сараптамасы.


Хабарламаларға жазылу