Сергеев су қоймасы 8 айдан бері тасып жатыр: Қандай қауіп бар? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сергеев су қоймасы 8 айдан бері тасып жатыр: Қандай қауіп бар?

09.12.2024

Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасының деңгейі соңғы 3 айда небәрі 2 сантиметрге төмендеді. 8 айдан бері су арнасынан түспей, тасып жатыр. Мамандар бұндай құбылыс тарихта болмағанын айтады. Ерке Есілдің тосын мінез танытуының себебі неде? Биыл көктемде болған тасқын қайталануы мүмкін бе? Сауалдардың жауабын Эльмира Кәленова іздеп көрді.

Эльмира Кәленова, тілші:

Сарқырап аққан су сәуірден бері толастамады. Қазір ол ернеуінен 4 см-ге асып жатыр. Көктемгі тасқын кезінде бұл көрсеткіш 4 метр 25 сантиметрге жетіп, рекорд орнаған еді. Гидронысан арқылы 9 млрд текше метр су өтті. Бұл да бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.

Тұрар Оразалин Есілдің жағасында туып-өскен. Көктемде еріген қар суымен молайып, арнасынан асатын өзен әдетте жазда қалыпқа түсетінін айтады. Ал биыл ерке Есіл екпіндете тасып жатыр.

Тұрар Оразалин, Сергеевка қаласының тұрғыны:

Қараша айының басында су қатып, ешқандай қозғалыс болмайтын. Беті қатса да, міне, астында қазіргі уақытта су жүріп жатыр. Ал бұрын мұздың астынан бұлай су жүрген уақыт болған емес.

Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда өзеннің тереңдігі 70 сантиметрге көбейген. Ал кей аудандарда су деңгейі қайтадан көтеріліп жатыр.

Наталия Левина, «Қазгидромет» АҚ СҚО филиалы директорының орынбасары:

Қазір мұз қалыңдай бастады. Салдарынан өзен деңгейі аздап көтерілді. Судың көп болуына көктемгі тасқын, жаңбырлы жаз, жерасты суларының көтерілуі себеп болып отыр. Сергеев су қоймасы желтоқсан айының соңына дейін тасуы мүмкін.

Сергеев су қоймасы 1969 жылы салынған. Сыйымдылығы 700 млн текше метрге жақын. Мамандар көктем мезгілі басталғанша нысанның кемінде бестен бір бөлігін босату қажеттігін айтады. Қазір су қоймасы 101 пайызға толып тұр.

Шұғайып Ибатуллин, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры:

Көпфакторлы тексеруден өтті. Қандай шешім қабылданатыны 2025 жылы белгілі болады. Күрделі жөндеу болған жоқ.

Синоптиктердің мәліметінше, биыл солтүстікте қыс қарлы болады. Ал көктем әдеттегі мерзімінен ерте келмек. Мамандар бұл факторлар тасқынның болуына әсер ететінін айтады. Дегенмен дәлірек болжам ақпан айында жасалмақ.


Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу