Биыл Қазақстан жылдың басты спорттық шарасы – Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізді. Бесінші рет ұйымдастырылған көшпелі елдердің олимпидасына еліміз бірінші рет қожайындық етті. Әлемдік ауқымды әрі маңызды жарыс несімен есте қалды? Қанша турист келіп, бюджетке қандай пайда түсті? Толығырақ Асылбек Даниярдың шолуында.
Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астанада қыркүйектің 8-13 аралығында өтті. Әлемнің 89 елінен 2700 адам қатысты. Спортшылар спорттың 21 түрінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салды. Спорт, мәдениет, ғылым секілді үш бағыттағы шаралар елорданың 7 нысанында өтті. Жарыс кезінде бас-аяғы 1600 ерікті жұмыс істеді.
Этникалық спорт түрлері бойынша халықаралық додада жерлестеріміздің бәсі биік болды. Құрама қоржынына 43 алтын, 32 күміс пен 37 қола түсіп, жалпыкомандалық есепте 1-орынға ие болды. Екінші сатыға Қырғызстан жайғасса, үздік үштікті Ресей құрамасы түйіндеді.
Көшпенділер ойындары кезінде ел мерейін спортшылар ғана емес елдің 19 өңірінен келген 450 ісмерде үстем етті. Көлемі 11 мың шаршы метрден астатын «Аламан құрақ» көрпе құрады. Ол «КИнЭС» Қазақстан рекордтар кітабына енді.
Жарыста ең көп көрермен көкпар мен көкбөрінің финалына жиналды. «Қазанат» ипподромында әр ойынға 10 мың көрермен келіп, ине шаншыр орын болмады. Нағыз Ұлы дала дүбірі көкпардан Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы финалдық кездесуде сезілді. Бітіспес қарсыластар Көшпенділер ойындары аясында тек финалда, яғни бес рет кездескен. Үшеуінде қырғыз құрамасы чемпион болса, соңғы екеуінде қазақстандық шабандоздардың шоқтығы биік болды.
Бұл кезде туристердің әлеуеті де зор болды. Тек екі аптаның ішінде шетелдерден 600 мыңға жуық қонақ келіп, рекорд орнатты. Көпшілігі Германия, Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан, АҚШ және Оңтүстік Кореядан келген. Шетелдік туристер санының көбеюіне ықпал еткен тағы бір фактор – танымал әнші, Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің концерті.
Туризм және спорт министрлігінің ақпаратынша, туристердің орташа шығыны 1500 доллардың шамасында болған. Жалпы, көшпенділер ойындары кезінде ел экономикасына қосымша 625 мың доллар түскен.
Асылбек Данияр