Елімізді мұнай-газбен қамтуда үлкен үлесі бар «Теңіз» кен орнының ашылғанына биыл 45 жыл. Осы уақыт аралығында «Теңізшевройл» компаниясы ел дамуына зор үлес қосып келеді. 1993 жылдан бері экономикаға салған инвестиция көлемі 198 млрд доллардан асқан.
1979 жылы 18 желтоқсанда 4000 метр тереңдіктен алғаш ұңғыма арқылы тұз асты қабаттарынан мұнай алынды. Содан бері заманауи қондырғылар іске қосылып, компания өз қызметін жауапкершілікпен әрі қауіпсіздікті басты ұстаным ете жұмыс істеп келеді.
Серік Шәпкенов, облыс әкімі:
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында экономикамыздың қиындыққа түскен кезінде алға сүйреп шыққан осы «Теңіз» кен орны. Оны ұмытпауымыз керек.
Салтанатты жиынға салаға еңбегі сіңген азаматтар жиналды. Олардың қатарында «Теңіз» кен орнының ашылуына үлес қосқан Төлеген Байзақов та бар. Ардагер мұнайшы кен орны жастық жігер мен ізденістің арқасында ашылды дейді. Сол жұмыстардың басы қасында болған бір топ сала ардагерлері мерейтойлық медальдармен марапатталды.
Төлеген Байзақов, мұнай-газ саласының ардагері:
Сол уақытта 1993 жылдары елімізді көтеруге ықпал еткен бірден-бір компания «Теңізшевройл» еді. Инвестиция кіргізуде алғаш болған да осы мекеме. Соның арқасында өте қиын қыстау уақыттардан өттік.
«Теңізшевройл» компаниясы құрылғаннан бері жергілікті тауарлар мен қызметтерді сатып алуға 50 млрд АҚШ долларын жұмсаған. Ал биылдың өзінде 20-дан аса отандық компаниямен келісімшартқа қол қойды. Осылайша 2 мыңнан астам жергілікті мекемемен ынтымақтастық орнатып, олардың дамуына өз үлесін қосып келеді.
Кевин Лайон, «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры:
Теңіз кен орнының ашылуы мұнай өнеркәсібі үшін ғана емес, бүкіл ел үшін жаңа дәуірдің басталуына себеп болды. Бұл Қазақстан мен халықаралық компаниялар арасындағы берік ынтымақтастықтың үлгісі боп табылады.
Алда ауқымды жоспар бар. Теңізде ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы іске асырылмақ. Осылайша өндіріс көлемін 28 миллион тоннадан 40 миллион тоннаға дейін арттыру көзделіп отыр.
Нұрсұлтан Нұрсейіт