Алматыда демалыс күндері өтетін ауыл шаруашылық өнімдері жәрмеңкесі жаңартылды. Шаһардың төрт ірі ауданында ұйымдастырылған сауда алаңына 700 тонна азық-түлік әкелінді. Сапалы тауар екі күнде базар нарығынан 20-25 пайыз арзан бағамен сатылды. Жәрмеңкеге қала іргесіне жақын ауылдарда орналасқан кәсіпкерлер 300-ге жуық тағам түрін әкелді.
Айтгүл Қапизова елу жыл бойы мал шаруашылығымен айналысып келеді. Қалаға жайылымда семірген ірі қараның еті мен сүтін әкеліп сатады. Өнімдерінің бағасы қолжетімді. Содан болар сұраныс көп, дейді шаруа.
Айтгүл Қапизова, шаруа:
Бұл орын енді керемет. Өз өнімімізді әкелеміз. Екі күнде бір жылқы, бір сиыр, он қой сатып кетемін. 500 литрдей сүт сатып кетемін.
Ал Фарида Мугдатова сауда алаңына Еңбекшіқазақ ауданынан арнайы келіпті. 3 гектар жерге көкөніс пен жеміс- жидек өндіріп, жиырма жылдан бері өз кәсібін дөңгелетіп отыр.
Фарида Мугдатова, шаруа:
Қызанақ пен қияр да өзіміздікі. Алманың бағасы шамамен 200 теңгеден 500 теңгеге дейін. Сатып алушылар көп, өзіміздің клиенттеріміз бар.
Ақжолтай Қойшыбекова, зейнеткер:
Күнделікті таза тамақпен қамтамасыз етіп отыр. Бұл жерде етті барлығын өздері алып келеді. Қазы-қартасының, құс еттерінің барлығын тазалап, сапалы етіп алып келеді.
Жәрмеңкелер алып шаһардың төрт ауданында өтті. Екі күнде 32 мыңға жуық тұрғын келіп, 700 тонна өнім арзан бағамен саудаланды. Оның ішінде - 550 тонна ет, 100 тонна жеміс-жидек пен көкөніс, 50 тонна сүт өнімдері сатылды.
Азизжан Тұрғанов, «Алматы» ӘКК азық-түлікпен қамтамасыз ету және сауда департаментінің директоры:
Ескі шатырларды жаңасына ауыстырдық. Саудагерлерге ыңғайлы болу үшін жаңа сөрелер орнаттық. Жылумен, жарықпен де қамтамасыз етіп отырмыз. Әр кәсіпкерге бір шатыр тиесілі. Сондай-ақ келушілерге де қолайлы болу үшін жәрмеңкеде автотұрақ қарастырылған.
Сауда алаңына 300-ге жуық кәсіпкер өз өнімдерін алып келді. Мұндай ірі жәрмеңкелер жыл бойы демалыс күндері тұрақты өткізіледі.
Айдана Қуантхан