Сирияда түрмелерден мыңдаған адам босатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сирияда түрмелерден мыңдаған адам босатылды

10.12.2024

Көтерілісшілер билікті басып алғаннан кейін Сирияның түрмелерінде ондаған жыл бойы қамауда болған адамдар шығарылып жатыр. Олардың көбі - Асад билігін сынағандар және 2011 жылғы «Араб көктемі» кезінде ұсталғандар. Сондай мекемелердің бірі – «Седная» түрмесі. Оны құқық қорғаушылар «өлім лагері» деп атап кеткен.

BBC-дің мәліметіне сай, 2011 жылдан бастап абақтыда 30 мыңдай адам дарға асылған немесе азаптап өлтірілген. Әлі де мыңдаған адам жасырын жерасты камераларында отыр деген мәлімет бар. Сирияда қарулы оппозиция Асад режимін 11 күнде құлатты. Енді үкімет құру, өзекті мәселелерді шешу міндеті тұр. Соңғы мәліметтерге сай, Израиль Голан биіктігіндегі Сириямен арадағы буферлік аймақты уақытша бақылауға алды. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху 1974 жылғы келісім көтерілісшілер елді басып алғаннан кейін күшін жойды деп мәлімдеді.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

Сириядағы болып жатқан оқиғаға қатысты қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдап жатырмыз. Голан биіктігін бақылауға алудың маңызын барлығы түсінеді. Бұл - қауіпсіздігіміз бен егемендегіміздің кепіл.

БҰҰ: Сирияда бейбітшілік орнатуға мүмкіндік туды

АҚШ болса Сириядағы жағдайды пайдаланып, ДАИШ тобы қайта күш жинауға тырысуы мүмкін деп мәлімдеді. Құрама Штаттардың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен бұған жол берілмейді деді. БҰҰ-ның мәлімдеуінше, Cирия үшін бейбітшілікке қарай қадам басуға жақсы мүмкіндік туды. Бұған қоса, ұйым 13 жылға созылған азаматтық соғыста елден кеткен миллиондаған сириялық отанына орала алады деді. Дегенмен Сирия келешегі әлі бұлыңғыр, тұрақсыз екенін де атап өтті.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу