Ыстамбұлдағы қазақ мәдени орталығын құрушылардың бірі, Түркия қазақтары арасындағы белгілі қоғам қайраткері Омар Жігіттің қолжазбалары Астанадағы сирек кітаптар мен қолжазбалар орталығына табысталды.
Алтайдан ауған қазақ көшімен бірге Үндістан, Пәкістан арқылы Түркияға табан тіреген Омар Жігіт ақсақал – Кония қаласы маңындағы Исмил қазақ ауылында да мәдени орталық ашқан ұлт жанашырының бірі. Сондай-ақ 1997 жылы Түркияда тұңғыш рет қазақ құрылтайын өткізген. Латын әліпбиімен жазылған естелік қолжазбаларда Алтайдан Анадолыға ауған қазақ көшінің тарихы, Түркияда тұратын қазақтардың өмір салты мен туысқандық қарым-қатынастары туралы құнды деректер жазылған.
Жандос Болдықов, қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының басшысы:
Осы орайда Омар ағаның қолжазбаларын толықтай реттеп, Қазақстанға алып кетіп, мамандарға бәрін тапсырып, келесі жылы жоспар бойынша кітап қылып шығарамыз.
Әбдіуақап Қара, тарихшы, профессор:
Бұған тек қана Сүрмелі отбасы, Омар Жігіт ақсақалдың отбасы емес, бүкіл Түркия қазақтары риза.
Айдос Әшімұлы