Абай облысында «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыған мұғалім ауыл балаларына білім беріп жүр. Қуаныш Алтынжанов Сингапур, Солтүстік Ирландияда тілдік курстардан өткен. Финляндияда математиканы ағылшын тілінде оқытуды меңгеріп, «Болашақ» бағдарламасы бойынша ғылыми жоба қорғапты. Енді елге оралғаннан кейін өзі оқыған ауыл мектебінде еңбек етуді таңдаған. Қазір шәкірттерінің алды үздік нәтиже көрсете бастады.
Қуаныш Алтынжанов Үржар ауданындағы Қарақол ауылында өзі оқыған мектепте математикадан сабақ беріп жүр. Материалдық-техникалық базасы қаладағыдай сақадай-сай болмаса да, мұндағы оқушылардың ішінде таланттылары тым көп. Тек дұрыс арнаға бағыттаса болғаны, - дейді.
Қуаныш Алтынжанов, математика пәнінің мұғалімі:
Шын мәнінде ауылда талантты, дарынды балалар өте көп. Біз сияқты талай азаматтар бар.
Білікті маман ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану тақырыбын зерттеген. Қазір осы бағытта тың тәсілдерді оқу бағдарламасында қолданады.
Лаура Байтұрсын, оқушы:
Алгебра, геометрия және физика пәндерінен бізге Қуаныш мұғалім сабақ береді. Ол пәндер негізі қиын. Бірақ ол кісі бізге оны оңай жолмен түсіндіреді. Және де ашық сабақтар өте жиі болады.
Қарлығаш Арғынбекқызы, тарих пәнінің мұғалімі:
Жақсы ұстаз. Білікті маман. Математика пәнін өте жақы біледі. Өзінің білімін шет елдерде дамытқан. Қазіргі заманда үштілділікке байланысты ағылшын тілін меңгеру де ерен еңбектің нәтижесі деп ойлаймын.
Ауыл балаларын дамыта түсу үшін ұстаз оқытуда дамыған елдердің тың тәжірибелерін қолдануға көп мән береді. Жақында математика пәнін ағылшын тілінде оқытуды қолға алмақ.
Қуаныш Алтынжанов, математика пәнінің мұғалімі:
Бұл жердегі мақсат - ағылшын тілін жарнамалау емес, тілді пайдаланып, математиканы үйрету. Былтыр мектептің 4 баласы «Мың бала» ұлттық олимпиадасынан грант жеңіп алды.
Республикалық деңгейдегі білім бәсекелерінде топ жарған шәкірттерін қазір Қуаныш Алтынжанов халықаралық олимпиадаларға дайындап жатыр. Оған қоса ұстаз ауыл мектебінің материалдық-техникалық базасын дамытуға да үлес қосуда. Жақында оның бастамасымен ұлттық қор арқылы білім ошағы қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтылмақ.
Ержан Жақып