Елде үй мәселесі ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Қазақстанда құрылыс қарқынды жүріп жатса да, бір басына баспана бұйырмай жүргендер көп. Қанат Шарлапаевтың сөзіне сенсек, биыл 18 млн шаршы метр тұрғын үй берілмек. «Бұл рекорд»,- деді ол. Ал мемлекеттен пәтерді жалға алып отырған жандарға қуанышты жаңалық. Енді олар уақытша деп тұрып жатқан үйді өз атына меншіктей алады.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
Әлеуметтік осал топтарға жалға берілген үйлерді жекешелендіруге мүмкіндік берілді. Бұл норма биыл 4 желтоқсанда күшіне енді. Осы шараның арқасында 50 мыңнан астам азамат үйлі болады.
«Наурыз» ипотекалық бағдарламасының шарттары өзгереді
Жаңа жылдан бастап «Наурыз» ипотекалық бағдарламасының шарттары өзгермек. Енді конкурсқа қатысу үшін «Отбасы» банкіндегі шотта кемінде 2 миллион теңге болуы шарт. Қазіргі талап – 1 миллион теңге. Банк басшысының айтуынша, бұл өзгеріс жұмысты жеделдетуге бағытталған. Себебі міндетті жарна 20 пайызды өтінім бергендердің жартысынан астамы төлей алмай қалған. Ал жөндеуі бар дайын пәтерді алатындар үшін, керісінше, жеңілдік жасалмақ.
Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» акционерлік қоғамының Басқарма төрайымы:
Талдау барысында екі мәселе анықталды. Біріншіден, көптеген сатып алушылар пәтердің дайын болғанын қалайды. Себебі жөндеу шығындары көбейеді. Осыған байланысты банк тұрғын үй құрылыс компаниялары қауымдастығымен бірнеше кездесу өткізді. Енді таза әрлеудегі пәтерлер бойынша бастапқы жарна 20%-дан 10%-ға дейін төмендейді. Бұл – ынталандыру шарасы.
Жаңа жылда Ислам ипотекасы да іске қосылуы мүмкін. Мәселе талқыланып жатыр. Ал қыз-келіншектерге арналған «Ұмай» бағдарламасы жалғаспақ. Келер жылдың ортасында іске қосылады. Оған Азия даму банкінен қарыз алынбақ. Сонымен қатар «Отбасы» банкі мемлекеттік сыйақы беру тәртібін өзгертуді жоспарлап отыр. Яғни жеңілдетілген бағдарламамен үйлі болғандар мен шоттағы ақшасын шешіп алғандарға премия берілмеуі мүмкін.
Шерхан Жамбылұлы