Оралда мүгедек ұлдары бар көпбалалы отбасы баспанаға мұқтаж - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда мүгедек ұлдары бар көпбалалы отбасы баспанаға мұқтаж

10.12.2024

Оралда баспанаға мұқтаж көпбалалы отбасының тұрғын үй кезегі бес жылдан бері жылжымай тұр. Әрі төрт баланың екеуінде мүгедектігі бар, көздері нашар көреді. Қазір жанұя қуықтай ғана бір бөлмені жалдауға мәжбүр. Әріптесім Ардақ Мұратқызы әкімдікке жолығып, мәселенің мәнісін біліп қайтты.

Алты жастағы Қайнар оң көзінің қиығымен ғана көре алады. Дәрігерлер оған туа бітті көз жүйкесінің атрофиясы диагнозын қойған. Үш жастағы інісінде де осы дерт дендеп келе жатыр. Көпбалалы отбасы пәтер жалдап тұрады. Үй кезегі жылжыр емес.

Шынар Жолманова, қала тұрғыны:

Осы балаға мүгедектік бергеннен бастап кезекке тұрдық. Қазір 1545-ші болып тұрмыз. Үйді 100 мыңға жалдап отырмыз. Одан арзан пәтерлерге бардық, бірақ баланың жағдайы оған келмейді. Жер үйлер 30-40 мың тұрады. Көзі көрмегесін, жағдай жоқ. Әкімдікке 3-4 ай ғана болады бармағаныма. Әкімдік менің екінші үйімдей болып кетті ғой.

Әкімдіктің табалдырығын тоздырған Шынарды ылғи «кезек күтесіз, басқа амал жоқ» деп шығарып салады. Қазір қалада 26 мыңнан аса адам тұрғын үй кезегінде тұр. Солардың ішінде 2666-сы көпбалалы және 856-сы мүгедек баланы асырап отырған отбасы.

Арна Уәлиев, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

Бұл кісі 2019 жылы қараша айында тұрғын үй кезегіне өтініш тастаған болатын. Кезектің жылжуы коммуналдық-арендалық үйлердің салынуына байланысты. Соңғы рет 2022 жылы берілген болатын бұл санатқа. Енді «Отбасы банк» арқылы бағдарламаларға қатысып, жеңілдіктер ала алады.

Соңғы жылдары шаһарда тұрғын үй салу қарқыны бәсеңдеген. Салдарынан кезек те баяу жылжып отыр. Ал Жолмановтар «Отбасы банкте» шот ашқан, алайда төлем қабілеті төмен. Отағасының табысы ас-ауқат пен мүгедек балалардың керек-жарағынан артылмайды. Әрі екі баланы Бакуде емдегісі келеді. Оған 10 млн теңгедей қаражат қажет.


Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу