Президент Ақтөбеге саапры аясында облыстық перинаталдық орталығының қызметімен танысты. Медициналық нысанда жылына 8200 нәресте дүниеге келіп, 13 мыңнан астам адам ем алады. Сонымен қатар «Аңсаған сәби» жобасы аясында жылына 130 ЭКО жасалады. 200 баланы оңалту шараларымен қамтуға мүмкіндік бар.
Президентке орталықта туа біткен сырқаты бар нәрестелерге 50 кардиохирургиялық және офтальмологиялық ота жасалғаны туралы мәлімет берілді. Орталық ашылғанға дейін мұндай диагнозы бар сәбилер Астана қаласында емделген.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа мекемеде жыл басынан бері жүзеге асырылып жатқан «Бір күндік клиника» жобасы таныстырылды. Аталған бастама қанмен берілетін ауруларды ерте бастан анықтауға көмектеседі. Осы жоба аясында бүгінге дейін 6 мың әйел медициналық тексеруден өткен. Мемлекет басшысы мекеме қызметкерлерімен әңгімелесіп, олардың жұмысына табыс тіледі.
Гүлшат Темірбаева, облыстық перинаталдық орталық директоры:
Бұл орталықтың ерекшелігі – орталықта жасалатын оталар. Жаңа туған, шала туған нәрестелерге жасалатын операциялар. 50-ден астам операция жасалды. Шала туған нәрестелердің көзіне жасалады. Жүрек тамырларына жасалады. Сосын неонаталды операциялар бар.
Әрі қарай футбол академиясын аралады. «Химик» стадионының базасында ашылған балалар футбол академиясы заманауи үлгіде жабдықталған. Нысанда спортшылар жыл бойы спортпен айналыса алады. Академияда қазір 780 бала үздік халықаралық тәжірибе бойынша жаттығады. Онда спорт залдары, әкімшілік, оңалту, ем-дом және басқа да қызмет көрсету кабинеттері орналасқан. Мемлекет басшысы академияны аралап көріп, жасөспірімдермен және жаттықтырушылармен әңгімелесті. Зиянды әрекеттерден сақтау үшін оларды спортқа көптеп тартудың маңызы зор екенін айтты.
Бағдат Жасаралин, бапкер:
Кез келген бала емес, арнайы норматив бар. Іріктеуден өтеді. Басында бізге іріктеуге екі мыңға жуық бала келген. Әзірге соның 1200-і жаттығып жатыр. Арнайы өздерінің жүгіру, доппен жүру, секіру, қақпаға тебу секілді нормативтері бар. Содан өткен оқушылар топқа алынды.
Айя Мүтәлі