Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында алғашқы руханият орталығы ашылды. Заманауи нысанда мұражай, кітапхана, неке қию залы секілді бірнеше ұйымдар бір орталыққа шоғырланды. Сондай-ақ Жосалы кентінде 106 отбасыға тұрғын үй кілті табысталып, тұрғындар қоныс тойын тойлады.
Ауданда баспана тауқыметін көріп келген әлеуметтік осал топтағы жанұялар бұл қуанышты ұзақ күтті. Кенттің шеткі аумағынан салынған жаңа үйлер табиғи газ, ауыз су, электр энергиясына толықтай қосылған. Еліміздің ұлық мерекесі Тәуелсіздік күні қарсаңында баспаналы болған тұрғындар жаңа қонысқа дән риза.
Жаңагүл Еспанова, аудан тұрғыны:
Бүгін қуанып тұрмыз. Қызым екеуіміз. Кешелі бері. Ең бақытты күніміз. Жақсы іші, күшті әдемі. Жап-жарық жарқырап тұр кәдімгідей.
Сондай-ақ Қармақшы жұртшылығы үшін тағы бір игі жоба ауданда «Руханият орталығы» ел игілігіне берілді. Бүгінде ауыл-аймақта кітапхана, мұражай, мұрағат ғимараттары әбден ескіріп, тозығы жеткен. Жаңа орталықтың салынуымен бұл мәселе де шешімін тауып, заман талабына сай жаңғыртылып жатыр. Мұндай бастама қазір облыстың барлық ауданында қолға алынған.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
Биыл «Руханият жылы» аясында барлық жеті ауданда құны 11 млрд. 500 млн теңгені құрайтын, ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, мұрағат, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар руханият орталықтары салынуда.
Руханият орталығында ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүріміз кеңінен насихатталмақ. Ардагерлер жастарға ақыл-кеңесін айтып, ақ жаулықты аналар тәлім-тәрбие береді. Сондай-ақ жас жұбайлар да әсем ғимаратта неке қию рәсімін сән-салтанатымен өткізіп, мәз-мейрам.
Әділбек Серікұлы