Ақтөбелік оқушы пернетақтаны көзбен басқаруға болатын жүйе ойлап тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбелік оқушы пернетақтаны көзбен басқаруға болатын жүйе ойлап тапты

11.12.2024

Ақтөбелік оқушы пернетақтаны көзбен басқаруға болатын жүйе ойлап тапты. Бұл әсіресе, қолынан айрылған немесе маторикасы дамымаған жандарға өте қажет. Назарбаев зияткерлік мектебінің білім алушылары мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған одан өзге де бірнеше құрылғыны сынақтан өтізіп үлгерген.

Даир Сырлыбаев жобаны ұстазымен бірге жүзеге асырды. Бұл технология арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар комьпютерлік бағдарламамен толыққанды жұмыс істей алады. Алгоритм бойынша көзді пернетақтаның қажет бөлігіне бағыттап, содан соң кірпік қақса керек символды лезде таңдауға болады.

Даир Сырлыбаев, оқушы:

Алдағы уақытта жобаны дамытып, түрлі стартап байқауларға қатысуды жоспарлап отырмыз. Болашақта оны мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектептер қолданады деген үміттеміз. Бұған ұқсас бағдарламалар қазір де бар. Алайда олар жалпыға арналған. Біз мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайлап шығардық.

Жоба Алматыда өткен байқаудан үздік шыққан. Оқушылар мен олардың ұстазы бұған дейін көз жанарынан айрылған жандарға арналған ақылды таяқ пен брайль әліпбиіне негізделген пернетақтаны да ойлап тапқан еді. Бұл құрылғыларды мүмкіндігі шектеулі жандардың өздері сынақтан өткізіп, өте қажет дүние екенін айтқан.

Бауыржан Шоқанов, инженерлік-техникалық және ақпараттық технологиялар зертханасының меңгерушісі:

Арнайы пернетақта осы брайль шрифті арқылы компьютерге қосылады да, алты кнопка арқылы текстерді жазуға болады. Бұл ақылды трость. Навигация, мысалы ғимараттардың ішінде қай кабинеттің қасында келе жатырсыз, соны білуге болады. Мына жерде датчиктері бар. Солар арқылы біліп отырасыз.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Оқушылардың өзге де өнертабыстары жетерлік. Мәселен бұл «Ақылды қалтқы» деп аталады. Шомылу маусымы кезінде суға көп мөлшерде жіберіледі. Қауіп туындаған жағдайда мына тетікті бассаңыз, құтқарушыларға лезде хабар жетеді.

Озық ойлы оқушы мен ұстазының басты мақсатының бірі - жасанды интеллект арқылы инклюзивті технологиялар жасау, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сапасын жақсарту. Олар болашақта бұл жобалардың қолданысқа енуі үшін қолдау болатынына сенімді.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу