Шымкентте шағын аудандар мен индустриалды аймаққа газ берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте шағын аудандар мен индустриалды аймаққа газ берілді

11.12.2024

Шымкент қаласындағы 3 шағын аудан мен индустриалды аймаққа табиғи газ барды. Енді 10 мыңнан астам отбасы мен өндіріс аймағындағы 31 кәсіпорын көгілдір отынды пайдланады.

Қайнарбұлақ шағын ауданына газ келіп, Гүлнар Тұрсынованың тірлігі жеңілдеді. Бұрынғыдай далаға қазан көтеріп, пешке көмір тасудың машақатынан құтылды. Үйі жылы, қазаны қайнаулы. Биыл немерелеріммен жылы үйде уайымсыз отыратын болдым деп қуанып жүр.

Гүлнар Тұрсынова, қала тұрғыны:

 Газ келіп, тірлігіміз жеңілдеді. Шаң-тозаңнан кішкене болса да арыламыз. Таза, табиғи. Қуаныштымыз.

Қайнарбұлақпен бірге Тассай және Еламан шағын ауданындағы тұрғындар да осындай қуанышқа кенелді. Құжаттарын талапқа сай рәсімдеп үлгерген үйлер шетінен көгілдір отын жаға бастады. Бүгінгі таңда қала халқының 97 пайыздан астамы газбен қамтамасыз етілген.

Ризабек Меңдіқұлов, қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы:

25 мың абонент газға қосылады осы жылы. Қазіргі уақытта 15 мың абонент қостық. Жыл соңына дейін қалаға 10 мың абонент қосылмақ.

 «Тассай» индустриалды аймағындағы кәсіпорындар да енді табиғи газды пайдаланатын болды. Мұнда 30-дан астам өндіріс орны бар. Онда 2 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Санжар Жаркешов, «QAZAQGAZ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

Индустриалды аймақта шамамен 31 жаңа кәсіпорын бар. Онда жаңа жұмыс орны ашылады. Шымкент қаласы тұрғындарына жұмыс орны және қала экономикасына драйвер болатын кәсіпорындар. Салық төлеушілер. Сондықтан оларға газ жеткізу аса маңызды.

Шымкентте келесі жылы тағы 17 шағын ауданға көгілдір отын жеткізу жоспарланған. Бұл жұмыстардың барлығы межелі уақытында аяқталса 2026 жылдан бастап шаһар аумағы тұтастай газ желісіне қосылады.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу