Ауылшаруашылық саласын субсидиялауға бөлінген 142 млрд теңге тиімсіз пайдаланылған. Бұл 2022-2023 жылдарға жүргізілген аудит қорытындысы. Сондай-ақ бұл салаға қатысы жоқ 3 мыңға жуық субъектіге 5,5 млрд теңгеге жуық субсидия берілген. Енді заңсыз ақша алғандар заң алдында жауап береді. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов осы салаға жүргізілген аудит қорытындысымен бөлісті. Жүйелі проблемаларды атады. Самал Қабышеваның бейнематериалы.
Ауылдағы шықпа жаным шықпа деп отырған шаруа қожалықтарының соңына түсуді қою керек. Бес жыл ішінде субсидиялау ережелеріне 70 рет өзгеріс енгізілгені көрсетілген. 20 жылда біз субсидияның табиғатын анықтаған жоқпыз. Бұл шығынды өтеу ақшасы ма? Әлде ынталандыру тетігі ме? Шығынды өтеу болса, неге біз салық саламыз. Неге біз шаруаларды қинадық осы күнге дейін?
Ауыл шаруашылық саласын субсидиялауға қатысты проблема шаш етектен. Субсидия жыры да, шаруалардың мұңы да біткен емес. Бір жүйеге келе алмай жатыр. Субсидиялауға бөлінген қаржы да аз емес. Бес жылда бюджеттен шамамен 2 трлн теңге бөлінген.
Әлихан Смайылов, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы:
Субсидиялау көлемі артып келеді. Алайда оларды тиімді пайдалану мәселесі шешілген жоқ. Субсидиялаудың нақты басымдықтары белгіленбеген. Жалпы аудит нәтижелері бойынша 142 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғаны, 2 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды.
Әттегені сол, еліміздің ауыл шаруашылық саласының жалпы ішкі өнімге қосатын үлесі тым аз. 5% ғана да жетпейді. Негізгі себептері белгілі. Өнімділік төмен. Суармалы жер аз. Техника ескі. Жаңасы болғанымен, бірақ жеткіліксіз.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Мемлекет басшысы жуырда өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында осы саланы дамыту бойынша жаңа стратегиялық міндеттер қойды. Мемлекеттен бөлініп жатқан субсидиялар іске асыруға жұмыс істеуі керек. Бұл ретте субсидия жүйесі қарапайым, тұрақты, түсінікті болуы шарт.
Шаруаларға жағымды жаңалық бар. Биыл 29 қарашадан бастап Президент тапсырмасымен шаруаларға жеңілдетілген 5 пайызбен несие беру басталды.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Кейбіреуінде залог болмауы мүмкін. Залог болмаған жағдайда мемлекет тарапынан 85 пайыз гарантия беріледі. Мысалы, 10 млн аламын десе, онда 15 пайызын өзі, 85 пайызын үкімет береді. Аграрный кретитный организация арқылы, ал гарантирование даму арқылы.
Самал Қабышева, тілші:
Дегенмен, біздің елде ауыл шаруашылығы саласын қолдауға бөлінген қаражат мөлшері әлі де аз. Себебі, біздің ел Еуразиялық экономикалық одаққа мүше. Ал одаққа мүше елдер ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінетін қаражат көлемін 8,5 пайызға дейін жеткізуге өзара уағдаласқан. Ал біздің елде бұл көрсеткіш 4,5 пайыздан әрі аспайды екен.
Самал Қабышева