Жұмысшылардың адал ақысын бермей, түрлі сылтауды желеу ететін компания басшылары мен жұмыс берушілерге құлаққағыс. Енді Еңбек кодексін бұзсаңыз, атыңыз шығады. Тізімде жарияланады.
Бүгін «Жосықсыз жұмыс берушілердің алғашқы реестрі» іске қосылды. Бұл реестрде жалақыны кешіктіру, төлемеу, заңсыз жұмыстан шығару, техникалық қауіпсіздікті сақтамау, жұмыс тоқтап тұрғаны үшін айлық төлеуден бас тарту, төленетін еңбек демалысын бермей, жұмысшыларды сан соқтыратындардың тізімі жарияланады. Жаңа бастаманы «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры жүзеге асырып отыр. Реестрдің ережесі қордың сайтында жүктеледі.
Гүлжан Марқабаева, «Әділдік және өркендеу» ҚҚ баспасөз хатшысы:
Бұл реестрді жасаған негізгі себебіміз – осындай жосықсыз жұмыс берушілердің есімін жария ету. Көпшілік білуі керек. Кім адал еңбекпен айналысады, кім еңбек адамдарының адал еңбегін пайдаланып, маңдай терімен тапқан ақшасын қалтасына басып жүргенін. Қордың құрылғандағы негізгі мақсаты – еңбек адамдарының құқығын қорғау және оларға тегін қызмет көрсету.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, жыл басынан бері 277 кәсіпорын 18 мың 700 жұмысшыға қарыз. Берешектің жалпы сомасы – 4,4 млрд теңге. Енді мұндай Еңбек кодексін сақтамайтын жұмыс берушілердің тізімі 2025 жылдың басында жарияланады.
Самал Қабышева