Қазақ кино қоржыны тағы бір тың туындымен толықты. Алматыда хоррор жанрындағы «Әнел» фильмінің премьерасы өтті. Жаңа бағытта жарық көрген Ақан Сатаевтың кезекті жұмысы көпшіліктің көңілінен шыға ма? Кино не туралы? Режиссер халыққа қандай ойды жеткізгісі келді? Бейнематериалдан білейік.
Бір үйдің құпиясы. Фильм шынайы оқиғаға негізделген. Сюжет желісі қарапайым отбасының қоңырқай тұрмыс-тіршілігінен басталады. Ары қарай жанұядағы ішкі түсініспеушілік арқылы өрбиді.
Үрей мен қорқынышқа толы кинода сценарийдің соңын болжау қиын. Мұнда басты рөлді 13 жастағы Медина Мадиқызы сомдады. Бұл – жас өреннің үлкен экрандағы алғашқы қадамы.
Медина Мадиқызы, актриса:
Киноның аурасын сезіну үшін барымды салдым. Шынымен қорыққан кездерім де болды. Жақсы туынды шықты деп ойлаймын. Соңы сіздер ойлағандай болмайды. Оқиға 180 градусқа өзгереді. Өзім үшін де қызық тәжірибе болды. Маған Ақан ағамен жұмыс істеген ұнады. Қалай айтуым керек, қалай қозғалуым керек, барлығын көрсетті.
Азамат Сатыбалды, актер:
Әрбір отбасында мәселе болады, соны жеңген адам, отбасы ғана бақытқа жетеді. Ал біздің отбасыда, қазір кинода көресіздер, өте қиын жағдайлар болады. Әркім өзінің шындығын іздейді. Әркім өзін ақтап, біреуді кінәлайды. Осы ситуацияда құрылған кино. Өте ерекше жанр. Бұрын-соңды бұндай жанрға түспегем. Сондықтан мен үшін бір қызық болды.
Актерлік құрам салмақты. Қатарында Дулыға Ақмолда, Зарина Кәрмен сынды танымал әртістер бар. Кино бас-аяғы 9 айда түсіріліпті. Режиссер әрбір кадрға мән беріп, сан алуан дыбыс арқылы атмосфераны жеткізуге тырысқан.
Ақан Сатаев, режиссер:
Діни және заманауи тұрғыда, ғылыми тұрғыда екі көзқарас болады. Негізінде бұл киноның идеясы ешқандай бір мистика немесе бір ойдан туған зат емес, өмірде болатын шындық. Менің ойымша, біз тек қана қорқытып қана қоймай, ішінде мағынасы бар дүние жасаған сияқтымыз. Сондықтан қазір тек комедия ғана түсірмей, осындай жанрлық ауқымды кеңейтіп жатырмыз. Ол – қуантатын жағдай.
«Әнел» фильмі бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіледі.
Ернұр Медет