Ақтөбе облысында республикалық маңызы бар 400 шақырымнан астам жол жөнделді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында республикалық маңызы бар 400 шақырымнан астам жол жөнделді

12.12.2024

Биыл Ақтөбе облысында республикалық маңыздағы 400 шақырымнан астам жол жөнделді. Одан бөлек облыстық деңгейдегі 500 км жол жаңғыртылған. Көлік жүргізушілерін әбден титықтатып келген «Ақтөбе-Қарабұтақ» бағыты қайта қалпына келтірілді. Облыс орталығынан Атырау, одан әрі Ресей шекарасына дейін баратын көлік дәлізінің құрылысы да толығымен аяқталды.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Биыл Ақтөбе облысында 900 шақырым жол жөнделді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Әсіресе «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тас жолының пайдалануға берілуі өңірдің транспорттық әлеуетін одан әрі арттыра түсті.

«Ақтөбе-Атырау-Астрахань» бағытындағы бұл көлік дәлізінің жалпы ұзындығы 884 шақырым. Оның 732 шақырымы толықтай жаңғыртылды. Бұл күнді осы бағыттағы төрт ауданның халқы көп күтті. Енді олар жол азабынан құтылды, діттеген жерлеріне уақытында жететін болды.

Данияр Бекжанұлы, Алға ауданының тұрғыны:

Жол азабы дейді, шынымен де ескі жолмен біраз азап көрдік. Осы қазір ескі жол болмаған да сияқты, көп-көп рахмет.

Көлік дәлізінің Ақтөбе мен Қандыағаш қалаларының ортасындағы 97 шақырымы төрт жолақты, бірінші техникалық санаттағы жол саналады. Күн сайын бұл аралықпен 10 мыңдай көлік жүреді. 2021-інші жылы басталған құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, бүгін ел игілігіне берілді. Жолдың сапасы бақылауда.

Тельман Малаев, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» облыстық филиалының директоры:

Сараптамалар зертханадан өтіп, мердігер мекемелерге берілді. Осы құрылыс барысында 50-ге жуық ақау анықталды, бүгінгі таңда ол ақаулар жойылды.

Бұған дейін жүргізушілер мен тұрғындардың көп сынына ұшыраған «Ақтөбе – Қарабұтақ» тас жолының 129 шақырымы жөнделді. 2028-жылдарға дейін осы аралық пен Ұлғайсын ауылына дейінгі бөлігі толықтай төрт жолақты жолға айналуы тиіс. Құрылыс жұмыстары басталып та кетті.

Дархан Иманашев, «Қазавтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

«Ақтөбе-Ұлғайсын» бойынша жалпы ұзындығы 232 шақырым. Оның ішінде 28,1 шақырымы биыл басталды. Басқа нысандар ендігі жылдан басталады. Қазіргі таңда конкурстық процедуралар өтіп жатыр.

Ауданаралық жолдар да назардан тыс қалған емес. Биыл 65 млрд теңге бөлініп, Хромтау, Әйтеке би, Мұғалжар, Ойыл және Қарғалы аудандарында 500 километрге жуық жол жөндеуден өтті.

Айбек Қайыр, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

Ірі нысандар, Ақтөбе қаласының ішіндегі құрылыс бар. Жаңа тұрғын үй алаңдары – Юго-Запад-1, Юго-Запад-2 бар, Ясный бар, жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Сондықтан осы қарқынды ұстап, әрі қарай жұмыстарды жалғастырамыз.

Қазірдің өзінде жүзеге асуы тиіс 30 жоба белгілі. Атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде облыс аумағындағы жолдардың сексен пайызы қанағаттанарлық жағдайға жетті.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу