Қазақстанның сыртқы саудасының төрттен бір бөлігі ТМД елдерінің нарығына тиесілі. Ал Президенттің бастамасымен қолға алынған «Достастық жәрмеңкесі» мемлекетаралық бағдарламасын құру экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Мәскеуде өткен ТМД үкімет басшылары кеңесінің отырысына қатысып, көлік дәліздерін кеңейту сауда-экономикалық кооперацияны дамытудың маңызды факторы екенін тілге тиек етті. Қазақстан тарапы әзірлеген ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасы Достастық елдерінің көлік өткізу мүмкіндігін арттыруға серпін береді.
Кеңес отырысында сауда-экономикалық кооперацияны нығайту, көлік дәліздерін дамыту және тасымал көлемін ұлғайту мәселелері қаралды. Жиын соңында бірнеше құжатқа қол қойылды. Сондай-ақ, делегация мүшелері Мәскеу мемлекеттік техникалық университетінің студенттерімен кездесті.
Орынбасар Жантөреев, Н.Э.Бауман атындағы ММТУ студенті:
«Каспий орбитасы» жобасы әлемдегі ең ірі жабық су айдынының таяздану проблемаларын шешу үшін ғарыштық монитрогинг және ұтымды трансшекаралық су технологияларын енгізуді көздейді. Осы жоба арқылы Каспий теңізінің таяздануын тоқтатқымыз келеді. Яғни орбитаға спутник жіберіп, Каспий теңізіндегі жағдайды бақылай аламыз деп ойлаймын.
Әмина Жексенбаева, Мәскеу авиация институтының студенті:
Біздің команда бүгін ауыл шаруашылығына арналған жаңартылған энергетикалық роботтық платформаны ұсынып отыр. Бұл жобада жасанды интеллект негізіндегі басқару жүйесі пайдаланылады. Осы жоба арқылы біз өсімдік жағдайының қандай екенін біліп, ауа-райы туралы да ақпарат ала аламыз.
Индира Бегайдар