Леңгір қаласы маңындағы елдімекенде интернет жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Леңгір қаласы маңындағы елдімекенде интернет жоқ

12.12.2024

Түркістан облысы, Төлеби ауданында бүтін бір елдімекен жылдар бойы ұялы байланыссыз, интернетсіз өмір сүріп келеді. Мыңға жуық халық тұратын Шахта Тоғыс елдімекені бүгінде байланыс аясынан тыс қалып, ХХІ ғасырда өркениеттен қалып бара жатқандарын айтады. Ал әкімдіктің атқамінерлері болса байланыс операторларының антеннасы орнатылмағанымен, тұрғындар «Қазақтелекомның» кабельді желісіне қосылған деп ақталды. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.

Төлеби ауданындағы Шахта Тоғыс елдімекені аудан орталығынан небәрі 4-5 шақырым жерде орналасқан. Соған қарамастан мұнда ұялы байланыс пен интернет атымен жоқ. Сондықтан жасы мен жасамысы хат-хабар алу үшін осы қырдың басына жиналады.

Тимуджин Сартаев, оқушы:

Ауылдан осы интернетке бола қырға шығу үшін кейде 2-3 бала болып келеміз. Кейде апайлармен бірге келеміз.  Қиын, 2 шақырым жол жүру керек. 

Тоғыстықтардың айтуынша,  кейбір үйлер мен мекемелерге интернет желісі тартылған. Алайда оның өзі мардымсыз. Жылдамдығы төмен. Ал ұялы байланыстың болмауы әсіресе цифрлық қызметтер алуға, банк қызметтерін пайлалануға көп кедергі. Ең сорақысы, адам ауырғанда телефонмен көмек шақырта алмай қиналамыз, - дейді жұрт.

Сейітхан Жақсыбаев, Шахта Тоғыс елдімекенінің тұрғыны:

Осы Шахта Тоғыста 6 мекеме бар, 198 үй бар. Мысалы, адам ауырып қалды. Жедел жәрдем шақыра алмайсың. Барлық қашықтықтан өтті, ешқандай көмек жоқ.

Долан Сартаев, ауыл тұрғыны:

Мысалы, былтыр өрт сөндірушілерді да шақыра алмадық. Ағайындарымыздың шөбі өртенді, сарайы өртенді. Жедел жәрдемді шақырту үшін жарты сағат жол жүру керекпіз. Бір антеннаны қойған баяғыда, әкімшілік пе, білмеймін. Қойды да, жарты жыл істеген жоқ онысы. Жинап алды да, алып кетіп қалды.

Көршілес Аққұм ауылы да байланыстан тыс қалған. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, екі ауыл түзеу мекемесіне тым жақын орналасқандықтан байланыс жоқ. Алайда тұрғындар мұны қисынсыз дейді. Десе де, жауаптылар байланыс компаниясына хабарласып, мәселені жуық арада шешеміз деп сендірді.

Бейбіт Төлешов, Ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің басшысы:

Шахта Тоғыс елдімекенін барып көрдіңіздер ғой, ол сайда орналасқан. Ал базалық станция елдімекенге кірмей жатып оң жағындағы қырда орналасқан. Соны қырдың мына бетінен сол бетіне орналастырады, сол кезде елдімекенге жақындайды. Оны жылдың соңына дейін ауыстырамыз деген уәдесі бар.

Енді мобильді байланыссыз күн кешіп жүрген тұрғындарға жылдың соңын күткеннен басқа амал жоқ. Өркениеттен қол үзіп қалған екі ауыл ғана емес, жаңа күш елдімекенінің жұрты да ұялы байланыстың игілігін көрмей күнелтіп жатыр.

Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу