Ұлыбританияда парламент сайлауы қайта өткізіле ме? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда парламент сайлауы қайта өткізіле ме?

13.12.2024

3 миллионға жуық Британ халқы Жалпы сайлауды қайта өткізуді талап етуде. Билікке келген Лейбористер партиясы сайлауалды уәделерінен тайды, деп олар петиция жариялады. Тұманды Альбиондағы тілшіміз Марина Бекенова сабақтайды.

Қараша халық ашулы. Кир Стармер үкіметі зейнеткерлерге қыста жылуға бөлініп келген жәрдемақыны тоқтатып тастаған. Оған қоса фермерлерге мұра салығын төлеуді міндеттеп отыр. Бизнес иелерінің де өкпесі қара қазандай.

Майкл Вествуд, петиция авторы:

Кәсіпкерлер төлейтін ұлттық сақтандыру салығы өсті. Тауарымыз бен қызметіміздің бағасын қымбаттатуға мәжбүрміз. Ақыр аяғында тұтынушылардың қалтасы қағылады.

Үкімет басшысы Жалпы сайлауды қайта өткізу мүмкіндігін жоққа шығарды. Ол ескі әдетінше бұрынғы Консерваторлар үкіметін кінәлап, халыққа жарқын болашақ уәде етті.

Кир Стармер, Ұлыбритания Премьер-Министрі:

Өзгеріске жол бастайтын жоспарымыз - бұрынғы премьер Борис Джонсонның да, Риши Сунактың да бос уәделеріне ұқсамайды. Біздің жоспарымыз - ең сенімді үкіметтік бағдарлама.

Бүгінде Реформалар партиясының көшбасшысы Найджел Фараджың абыройы асқақтап тұр. Бар-жоғы 6 жыл бұрын құрылған саяси ұйымның қазір жақтастары көп.

Джон Кертис, Саясаттанушы:

Қазір біз көп партиялы жаңа әлемде өмір сүріп жатырмыз. Халықта таңдау бар. Реформалар партиясының қарқын алып жатқаны да сондықтан.

Петицияны парламент келер жылдың жазында қарағанымен, Жалпы сайлаудың қайта өткізілмесі анық. Бірақ бұл рейтингісі онсыз да төмендеп кеткен билік партиясына тағы бір соққы болайын деп тұр.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу