Қызылорда облысында кәсіпкерлер марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында кәсіпкерлер марапатталды

13.12.2024

Қызылорда облысында «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асырған еліміздің үздік кәсіпкерлері марапатталды. Сырдария ауданы, Бесарық ауылында өткен салтанатты шараға Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова арнайы қатысып, мемлекет қолдауымен кәсібін дөңгелеткен шаруалардың жобаларымен танысты.

Игі жобаның жарқын көрінісі Бесарық ауылында. Мұнда үлкен өндірістік орталық салынып, наубайхана, кондитерлік цех пен картоптан фри шығаратын шағын кәсіпорын ашылды. Жалпы ауыл жұртының тұрмысын жақсартып, әлеуетін көтеруге бағытталған бағдарлама іске қосылғалы елімізде 16 мыңға жуық адам жеңілдетілген несие алып, кәсібін бастаған. Соның нәтижесінде елдімекендерде 17 мың жұмыс орны құрылды. Биыл «Ауыл аманаты» республикалық байқауына әр аймақтан 250-ден астам өтінім түсіп, 10 номинация бойынша 30 жоба үздіктер қатарына енді.

Ерлан Қошанов, Мәжіліс төрағасы:

Президент айтқандай, жаһандану дәуірінде қазақты сақтау үшін ең алдымен ауылды сақтауымыз керек. Сондықтан конкурс аясында біз ауыл өміріне ерекше назар аударуды көздедік. Ауыл біздің алтын бесігіміз. Мәдениетіміздің дәстүріміздің және рухани өміріміздің сарқылмас қайнары. Ауылға деген қамқорлық өткенге, бүгінге, болашаққа деген бұл қамқорлығымыз.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу