Мектептерде медиация орталықтары келесі жылдан бастап ашыла бастайды. Себебі қазір оқушылар арасында ұрып-соғу, ұрлық, бұзақылықтан өзге буллинг мәселесі де өршіп тұр. Құқық қорғау органдарының мәліметіне жүгінсек, балалардың қатысуымен жыл сайын 140 мыңнан астам заңбұзушылық тіркеледі екен. Соңғы екі жылдан бері білім ошақтарында медиация орталығы пилоттық жоба ретінде жұмыс істеп жатыр. Мектеп медиациясы деген не? Орталық немен айналысады? Оқу ағарту министрлігінің өкілі жауап берді.
Мадина Бисембаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз хатшысы:
Оқушылар арасында қарым-қатынасты нығайту, жалпы мектептегі ахуалды атмосфераны жақсартуға бағытталған. Бұл медиация қызметі тек оқушылар арасында емес, оқушы мен ата-ана, ата-ана мен мұғалім арасындағы түсініспеушіліктерді, кикілжіңдерді, буллинг мәселелерін шешуге бағытталған.
Астанадағы мектептерінің бірінде пилоттық жоба ретінде бір жылдан бері медиация орталығы жұмыс істеп жатыр. Білім ордасында арнайы сенімхат жәшігі қойылған. Оқушылар өздерін алаңдатқан кез келген мәселені жазып, жәшікке салады. Буллинг, қорқыныш, ата-анасына реніш немесе мұғалімнің ұнамауы болсын өз ойын білдіре алады. Осыдан кейін мамандар баламен медиациялық кеңес өткізіп, мәселені шешуге көмектеседі. Мектеп басшылығы жобаның көмегі көп, шәкірттер арасында қамқорлық пен достық қарым-қатынас күшейгені байқалады дейді.
Қарлығаш Жанғазақова, мектеп директоры:
Конфликтті дер кезінде шешу үшін медиация – мұғалім үшін, ата-ана үшін оқушы үшін керек ең керекті құралдың бірі. Адвокат, судьялар, прокурорлар келіп, балалармен кездесулер өткізеді.
Динара Жарқынбек