Орталық Азияның орнықты дамуы – ортақ мүдде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орталық Азияның орнықты дамуы – ортақ мүдде

13.12.2024

Орталық Азияның орнықты дамуы – ортақ мүдде. Бүгін Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Орталық Азия елдерінің парламенттік комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Оған Орталық Азия елдері Парламенттерінің өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында орнықты дамудың тетіктері талқыланып, тәжірибе алмасты. Мәулен Әшімбаев өз сөзінде отырыстың кеңейтілген форматы өңір елдері Парламенттерінің стратегиялық диалогын нығайтуды көздейтінін атап өтті. Сондай-ақ, мұндай қадам өзара ынтымақты арттырып, орнықты дамудың жаһандық мақсаттарына қол жеткізу үшін бірлесіп әрекет етуге ықпал ететінін айтты.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты тұжырымдамалық мақаласында өңірдің орнықты дамудың жаһандық күн тәртібіндегі рөліне кеңінен тоқталды. Орнықты дамудың күн тәртібі қазіргі таңдағы ортақ жаһандық және аймақтық проблемаларды шешуге бағытталған. Бұл ретте климаттың өзгеруі, құрғақшылық, су ресурстарының тапшылығы және экология мәселелері өңір үшін өзекті екені белгілі. Сондай-ақ халықтың өмір сүру деңгейін одан әрі арттыру да елдеріміз үшін ортақ міндет.

Отырыста Қазақстанның орнықты дамуын баяулатып отырған осал тұстар зерделеніп, 10 жылдағы нәтижелер талданды. Сондай-ақ, комиссия қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі талқылау өтті.

Жиынға қатысушылар интеграциялау бойынша және ұлттық заңнамаға озық тәжірибелерді енгізуге қатысты пікір білдіріп, ұсыныстарын айтты.

Азамат Нұғыманов

Хабарламаларға жазылу