Жазушылар одағы – руханиятымыздың алтын діңгегі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жазушылар одағы – руханиятымыздың алтын діңгегі

13.12.2024

Мемлекет қаламгерлерге айрықша мән беріп, әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Еліміздегі ең ірі шығармашылық ұйымның 90 жылдық мерейтойында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин осылай деді. Салтанатты жиында Президент Қаcым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізіп, қазақ руханиятының қара шаңырағы жайлы пікірімен бөлісті.

Басқосуда төл әдебиетіміздің бүгінгі жай-күйі, оқырман талабына сай кітаптар шығару, қаламгерлерге қаламақы төлеу мәселелері талқыланды. Алматыдағы алқалы жиыннан Жазира Оразқызы баяндайды.

Жазира Оразқызы, тілші:

Қазақ әдебиетінің, сөз өнерінің қара шаңырағы – Қазақстан Жазушылар одағы торқалы тойын 90 жылдығын атап жатыр. Бүгінде мыңнан астам мүшесі – қаламы қарымды, ойы алымды ақын-жазушысы бар еліміздегі ең алғашқы әрі ірі шығармашылық бірлестіктің бірі. Мемлекет басшысы «Жазушылар одағы – ұлттық интеллигенцияның басын біріктіріп, тұтас ұлттық ұйыстырып отырған қара шаңырақ» деп осынау тарихы терең ұйымға жоғары баға берген.

Бұл қаламгерлер үшін де, талғамы биік оқырман үшін де – айтулы оқиға. Жазушылар одағының алғашқы құрылтайы 1934 жылы Алматы қаласында өткен болатын. Тарихи жиынға қазақ әдебиетінің негізін қалаушы көрнекті тұлғалар – Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров қатысқан еді. Содан бері тура 90 жыл өтті. Сол құрылтайдың ізін жалғап, бүгін жүздеген ақын-жазушы Алматыда бас қосты.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

Мерейлі белесін атап өтіп жатқан Жазушылар одағы – барлық заманның, бәрінің куәгері. Қасиетті қара шаңырақ қазір мыңға жуық қаламгердің басын қосып отыр. Ең бастысы, ол ең қиын кездерден аман өтіп, тұтастығын сақтап қалды. Осы жылдар ішінде Одақ өркениетіміздің берік қорғанына айналды. Ұлт жанашырларын біріктірген киелі орда бола білді, қазір де солай.

Мемлекеттік кеңесші ағарту ісінің және озық ойлы ұрпақ тәрбиесінің ең басты кілті – төл әдебиет екенін атап өтті. Сондай-ақ ұлт сапасын арттыруда адами құндылықтарды дәріптейтін, шоқтығы биік шығармашалардың ықпалы зор деді. Бұл ретте ұйымға артылар жауапкершілік мол.

Дулат Исабеков, жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:

Билік пен жазушылар арасында алтын көпір ғой Жазушылар Одағы. Осы алтын көпір деген рөлін бұдан да жақсы атқара білсе жақсы болар еді деп ойлаймын.

Жазушылар одағы қай кезеңде болмасын, қазақ әдебиетінің жаңарып, заман талабына сай жаңа деңгейге көтерілуіне сеп болды. Төраға қызметін 22 жыл атқарған ақын, қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин ұйымның ұлтты ұйыстырудағы ұтымды тұсы көп, - дейді.

Нұрлан Оразалин, ақын, драматург, Мемлекет және қоғам қайраткері:

Жазушылар одағы уақытқа сай бейімделіп өсіп, қанаттанып, көркейіп отыру керек. Әлем алақандағылай болып қалды қазір. Ештеңені ешкімнен жасыра алмайсың. Бірақ осының түрлі сипаттары көп. Соның бәрін таразыға салып отыратын, өте бір инабатты, өте бір салиқалы ұйым ол Жазушылар одағы болуы керек.

Одақтың 90 жылдық мерейтойына алыс-жақын шетелдік қонақтар – ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымынан бастап ТМД және Еуропа елдерінің жазушылары, Швеция, Ресей, Түркия, Қытай, Қырғызстан, Әзірбайжан елдерінен мәдениет пен әдебиет өкілдері келді.

Уфук Тузман, Еуразия жазушылар одағының төрағасы (Түркия):

Біздер Қазақстан Жазушылар Одағымен 2008-ден бері етене байланыс жасап келе жатырмыз. Қазіргі таңда, әрине, көптеген атқарылған жұмыстар болған. Келешек біз үшін жаңа ғасыр, жасанды интеллектің бой көтерген кезі. Біздер бұл кезеңде әдеби шығармашылықтың, жаңа әдеби болмыстың жаңа форматын жасауымыз керек.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов мерейтойлық басқосуда бірнеше ұсыныс айттты. Мәселен, одақ жанынан арнайы сараптама комиссиясын құру, мемлекет қаржыландыратын көркем әдебиет баспасын ашу туралы бастама көтерілді. Осылайша төл әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтіп, әлем әдебиетінің даму көшіне нық қадам жасауына жол ашылмақ.

Жазира Оразқызы

Хабарламаларға жазылу