Алматыда ұлы манасшы Саяқбай Қаралаевтың 130 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференция өтті. Сонымен қатар қазақ халқының ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовті еске алу кеші ұйымдастырылды.
Қос тұлғаның есімі қатар аталуы бекер емес. Себебі, Кеңес Одағы дәуірінде Мұхтар Омарханұлы - Шоқан Уәлихановтың соқпағын жаңғыртып, манастануды жаңа сапалық деңгейге көтерді. Қырғыздың даңқты жырын буржуазияшыл, діншіл, халыққа жат деп жариялаған сәтте эпосты қорғап, ақтап, айырқалпақты ағайынның мәдениетіне өлшеусіз үлес қосты. Бүгінгі жиында осы қазақ және қырғыз әдеби мұраларының ерекшелігі талданып, ұлттық эпосты сақтау және насихаттау бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды. Конференцияны «ТҮРКСОЙ» ұйымы арнайы ұйымдастырған. Басты мақсат – қос ұлттың рухани байланысын одан ары нығайту.
Әзиз Бимырзаұлы, «Манас» ұлттық академиясының президенті:
Ұлы манаста қазақ, қырғыз, қатаған барлығы бір атадан деп айтылады. Саяқбай Қаралаевты Әуезов қалай құрметтеген болса, қадірлеп 20 ғасырдың Гомері деген атақ берген болса тап сол Манастың беделімен, қадірімен Уәлиханов пен Әуезов деген ұлы есімдер дүниелік әдебиетте Шекспирмен, Хемингуэймен, Гете, Гейнелермен қатар айтылатыны өте ұлы көрініс.
Ернұр Медет