Стамбұл қаласында Түркістанның туристік әлеуеті таныстырылды. Түркістан облысы делегациясы арнайы жиында Түркиядағы туристік агенттіктер мен туризм саласындағы кәсіпкерлерге, өңірдің даму қарқыны мен туристік жерлері туралы жан-жақты мағлұмат берді. Тараптар Түркістанға турист тарту үшін бірлесе жұмыс істеудің жолдарын талқылады. Атап айтқанда, өңірде жаңа туристік маршруттар құру мен рухани туризмді дамыту жайы сөз болды. Түркістан өңірінің бай мәдени мұрасы мен әсем табиғаты әлемнің әр түкпірінен турист тартуға қауқарлы екендігі айтылды. Түркиялық іскер адамдар түркі әлемінде өзіндік орыны бар киелі шаһар Түркістанға туристердің қызығушылығы жоғары екенін атап өтті.
Зұлфұхар Жолдасов, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары:
24-і күні біз бір топ осы Түркияның мықты туроператорларын Түркістанға апара жатырмыз. Бүкіл біздің туристік потенциялын көрсетеміз. Қазір сегіз туроператор бізге Түркістанға бармақшы, барып бүкіл туристік объектілерді өз көздерімен көруге. Қызығушылық өте жоғары.
Орхан Санжар, Түркия туроператорлары бірлестігінің бөлім басшысы:
Түркістан кейінгі жылдары жан-жақты дамып, көркейіп келеді. Инфрақұрылымы да жақсарды. Біздің атажұртымыз болғандықтан әрбір түркиялық ол жаққа баруды армандайды. Осы ретте біз екі елдің туроператорлары арасындағы байланысты нығайтып, келер жылы Түркиядан Түркістанға 50-60 мың турист апаруды жоспарлап отырмыз.
Айдос Әшімұлы