Сербияда «Ұлы даланың мәдени мұрасы» атты көрме ашылды. Белградтағы «Ханшайым Любица сарайында» өткен шараға Сербия Президенті Александр Вучичтің жұбайы Тамара Вучич, елдің саяси тұлғалары, қоғам және мәдениет қайраткерлері мен дипломатиялық, академиялық корпус өкілдері қатысты. Еліміздің Сербиядағы елшісі Мәди Атамқұлов көрменің мақсаты-Ұлы дала халқының тарихы мен мәдениетін көпшілікке таныстыру және екі елдің мәдени байланысын нығайту екенін атап өтті. Көрмеге Алматы қалалық мұражайлар бірлестігінің қорынан 200-ден астам жәдігер қойылған. Экспозицияның басым бөлігі қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрпы мен қолданбалы өнері туралы баяндайтын этнографиялық артефактілерден тұрады. Сондай-ақ, Алматы қаласының тарихынан сыр шертетін фотосуреттер де көпшілік назарына ұсынылды.
Деян Савич, Сербия президентінің мәдени мәселелер жөніндегі кеңесшісі:
Көрмеден Қазақстан жайлы жаңа мағлұматтар алдым. Бұл жәй мәдени шара емес, өзара байланысымызды бекемдейтін қадам. Жәдігерлер өте әдемі. Қазақтың музыкасы да ғажап.
Мария Стойч, Белград қалалық мұражайының кураторы:
Мұндай көрмені Сербияда алғаш көруіміз. Қазақтың бай мәдени мұрасына қанықтық. Ұлттық киімдер, әшекей бұйымдар көздің жауын алады. Осыны көргенімізге қуаныштымыз. Дәстүрімізде ұқсастық көп екен.
Нұрсұлу Қасым