Жануарларды қорғауға, жауапкершілікпен қарауға байланысты заңға орай депутаттар мен қоғамдық ұйым өкілдері дауласып отыр. Депутаттар иесі табылмаған жағдайда ауланған иттерді атып тастауды ұсынған. Ал қоғамдық ұйым өкілдері бұралқы иттерді атып тастағаннан олардың азаймайтынын айтады.
Себебі олардың қаңғып кетуіне жол бермейтін жүйе жоқ. Біріншіден, жануарды стерилдемесе, олар тоқтамай күшіктей береді. Кейбір адамдар таратады, ал кейбіреулер қуып жібереді. Қуып жіберген күшіктердің біразы суық пен аштықтан, кейбірі қаскөйлердің қолынан өледі.
Алайда тірі қалатындар бар. Олар әрине, күшіктейді. Ұрғашы ит жылына 6-12 күшік туады. Екінші: асыл тұқымды күшік туатын ит асырайтындар да күндердің күнінде қартаятын, ауыратын жануарларды далаға қуады.
Проблема неде? Елімізде үй хайуанын стерилдеуді міндеттейтін заң жоқ. Оларды тіркейтін бірыңғай жүйе де жоқ. Асыл тұқымды күшік сататындардың қызметін реттейтін ереже де жоқ. Сондықтан бұралқы итті қанша жерден ата бер, олар бәрібір азаймайды.
Соңғы жылдары стерильдеу және оқшаулауға миллиард теңге жұмсалған. Бірақ бұралқы иттердің қаупі азайды ма? Тағы бір себебі – бұралқы иттерді аулайтындар өтірік ақпар береді. «Қағазда стерильдеу де, вакциналау да, чиптеу де бар, ал шын мәнінде ақша олардың қалталарында қалып жатыр», - деп есептейді қоғамдық ұйым өкілдері.
Жеті қазынаның бірі деп, итті қадірлейтін қоғам, оларды қинамай, азаптамай, мәселені шешудің гуманды жолын табуы керек. Көктемгі су тасқыны кезінде Атырау облысында бөгет салуға көмектескен Пшөн деген иттің атылғанын естіп, бала кездегі өз итімізге дейін еске түсіп, қамықтық.
Ветеринария басқармасы «Шағым түскен соң «ұйықтатын жебе атылды», неге өлгені түсініксіз» деген. Тақырыпты Елдос Есенбол талдайды. Материал Лашынның өлімімен аяқталатын Мұхтар Мағауиннің шығармасымен түйінделеді.