Алматыда демалыс күндері қалың қар түсіп, қозғалыс қиындады. Жол-көлік апаттары жиілеп, әуе рейстері кешікті. Әуе компанияларының баспасөз қызметінің мәліметінше, қолайсыз ауа райы ұшақтарды мұздан тазартуға кедергі келтірген. Шаһардағы ахуал реттелді ме?
Айдана Қуантхан, тілші:
Кеше күні бойы әуе рейстері кешігіп, жолаушыларды біраз әбігерге салды. Кідірген ұшақтар бүгін кестеге сай ұшып жатыр. Қазір әуежайда жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Дегенмен соңғы екі күнде қала ішінде 22, таулы аймаққа 40 сантиметр қалыңдықта қар түсті. Осының салдарынан 30-дан аса жол апаты болып, 14 адам жарақат алған. Қаланың коммуналдық қызметі де күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Үш күнде шаһардан 6,5 мың текше метр ақ ұлпа шығарды. 600–ден аса техника, 1 000–нан астам жұмысшы жұмылдырылып, 2 мың тоннаға жуық көктайғаққа қарсы қоспа себілді.
Бүгін жағдай қалай?
Айдана Қуантхан, тілші:
Коммуналды қызмет жұмыс істеп жатыр. Алайда, қазірдің өзінде көшеде көп көлік кібіртіктеп әзер жүр. Әдеттегідей, такси құны да шарықтап кеткен. Синоптиктер бір күнде айлық қардың 32 пайызы жауғанын айтады. «Казгидромет» алдағы күндері жауын-шашын болмайтынын хабарлады. Ал қазір күн 6 градус аяз, бүгін түнде ауа температурасы -14 градусқа дейін төмендейді.
Айдана Қуантхан