«Астана» халықаралық қаржы орталығы Лондонда жылды қорытындылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана» халықаралық қаржы орталығы Лондонда жылды қорытындылады

17.12.2024

Биыл «Астана» халықаралық қаржы орталығы сотының және Халықаралық төрелік орталығының шешімдері барлық тараптарды 100 пайыз қанағаттандырды. Ағылшын жалпы құқық қағидаттары негізінде іс жүргізетін қос мекеме Лондонда жылды қорытындылады.

2024 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығы соты және Халықаралық төрелік орталығы Қытай астанасы Бейжіңде өкілдігін ашып, әлемдік аренадағы беделін одан әрі нығайта түсті. Бұдан бөлек қос мекеменің кеңселері Еуразияның 8 елінде жұмыс істеп тұр. Бүгінге дейін олар 32 мемлекеттің дауларын шешіп берді. Олардың басым көпшілігі Қазақстанның негізгі сауда серіктестері және ТМД елдері.

Кристофер Кэмпбелл–Холт, АХҚО соты мен ХТО тіркеушісі және аппарат басшысы:

Елге инвесторлардың көптеп келуіне ықпал еттік. Олар халықаралық дауларды шешудің сенімді жүйесін ұсынғанымызға дән риза.

Салтанатты қабылдауда Қаржы орталығы сотының және Төрелік орталығының төрағалары алға қойылған стратегиялық жоспарларымен де бөлісті. Шараға сондай-ақ сот судьялары, арбитрлер және серіктестер қатысты.

Эмма Саттон, LK LAW LLP заң фирмасының заңгері:

Қаржы орталығының соты және Төрелік орталығымен бірлесе отырып, халықаралық тағылымдама бағдарламасын әзірледік. Олар дауларды шешу бағытында қажетті алғышарттарды дамытуға негізделген.

Қаржы орталығының соты мен Төрелік орталығы Орта дәліздегі және Еуразиядағы инвесторлардың мүддесін қорғауды одан әрі жалғастыра бермек. Қос мекеменің кіршіксіз абырой-беделі, мінсіз инфрақұрылымы, тәуелсіздігі және заң үстемдігін берік ұстануы инвесторлардың Қазақстанға деген қызығушылығын арттыра бермек.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу