Тәуелсіздік күніне орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары келіп түсіп жатыр. "Жүздеген жылдардан бері тату көрші әрі дос саналатын екі ел арасындағы өзара сенім, құрмет, стратегиялық серіктестік қарқынды дами беретініне сенімдімін» - деп жазды Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев.
Ал Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров «Елдеріміздің арасындағы сан ғасырлық достыққа, тату көршілікке және стратегиялық серіктестікке негізделген байланыстың алдағы уақытта да өрлей беретініне кәміл сенемін» - деді.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмоннан келген жеделхатта «Біз өзара тиімді ықпалдастықты дәйекті түрде ілгерілетуге баса мән береміз. Сонымен қатар мемлекеттеріміздің басты мүддесіне сай екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін нақты қадамдар жасауға дайынбыз» - деп жазылған.
Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов екіжақты байланыс барлық бағыт бойынша табысты өрлей түскеніне назар аударған. «Бұл орайда Сіздің жақында Түрікменстанға жасаған ресми сапарыңыз ерекше маңызға ие.» - деп жазды ол.
Ауызша: Сонымен қатар Біріккен Араб Әмірліктерінің, Украинаның, Палестинаның Президенттері, Сауд Арабиясының Королі, Ливия Президенттік кеңесінің төрағасы, ТМД Бас хатшысы, Татарстан Раисы тағы басқалары да Тәуелсіздік күнімен құттықтап, жеделхаттарын жолдаған.
Оңғар Алпысбайұлы