Қызылорда облысында жаңа медициналық нысандар ел игілігіне берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында жаңа медициналық нысандар ел игілігіне берілді

17.12.2024

Қызылорда облысында жаңа медициналық нысандар ел игілігіне берілді. Үш елді-мекенде заман талабына сай дәрігерлік амбулатория өз жұмысын бастады. Шиелі ауданында 5 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүріп жатыр. Соның бірі Тартоғай ауылында бой көтеріп, жаңа жыл қарсаңында іске қосылды.

Медициналық нысан қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Мұнда физиотерапия, акушер-гинеколог кабинеттері мен арнайы зертхана бар. Сондай-ақ, тұрғындар күндіз стационарлық ем қабылдай алады.

Хадиша Айтмамбетова, ауыл тұрғыны:

Екі-үш жылдан бері айтылып жүрген. Осындай нысан салынады деп. Енді іске асып жатыр. Жылы, қазіргі заманға сай болып тұр. Сондықтан, өзім қуанамын. 

Ұлттық жоба аясында Алмалы ауылының тұрғындары да жаңа дәрігерлік амбулаторияның игілігін көретін болды. Жергілікті халықтың көптен талап еткен мәселесі биыл шешімін тапты. Жалпы өңірде мемлекеттік бағдарлама бойынша 27 медициналық нысан салынып жатса, бүгінде соның 16-сы пайдалануға берілген.

Олжас Ысқақов, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Биыл жылдың соңына дейін 11 медициналық нысанды іске қосамыз. Ұлттық жоба аясында салынып жатқан нысандар толықтай біткеннен кейін біздің өңірімізде дәрігерлік амбулаторияға деген елдімекендерде қажеттілік толықтай жойылады. Барлық жерде жаңа, заманауи ғимараттар болады.

Ал Жаңақорған ауданының Төменарық ауылында 15 төсек орыны бар шағын аурухана ашылды. Бұл жоба облыстық бюджет есебінен жүзеге асты. Жаңа медициналық нысанда жақын маңдағы басқа да елді мекен тұрғындары да ем-домын алып, игілігін көрмек.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу