Мажарстан кәсіпкерлері қазақ экономикасына қаржы құюға ниетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мажарстан кәсіпкерлері қазақ экономикасына қаржы құюға ниетті

17.12.2024

Мажарстандық кәсіпкерлер қазақ экономикасына инвестиция құюға және бірлескен жобаларға инновациялық технологиялар енгізуге дайын. Бұл туралы бизнес өкілдері Будапештте өткен «Қазақстан Мажарстан сауда экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа үрдістері» атты бизнес форумда мәлімдеді.

Шараны еліміздің Мажарстандағы елшілігі Kazakh Invest ұлттық компаниясымен бірігіп ұйымдастырды. Бұл Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың қарашада Мажарстанға жасаған мемлекеттік сапарынан кейінгі оң динамиканың жалғасы. Басқосуда тараптар инфрақұрылымды, логистиканы дамыту, ядролық энергетика, цифрлық трансформация, білім беру саласында ортақ жобаларды жүзеге асыру жайын талқылады.

Абзал Сапарбекұлы, Қазақстанның Мажарстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

Мажар тарапын қызықтыратын мәселе бұл Қазақстанның Жібек жолы бойындағы траспорттық мүмкіндігі. Жалпы, Қазақстанның ғана емес, Орталық Азияның мүмкіндігі. Қазақстанның табиғи ресурстары, энергетика саласындағы инвестиция жасау мүмкіндіктері. Оның ішінде жасыл энергетика да бар.

Кандрач Чаба, Мажарстан ұлттық банкі басқарушысының орынбасары:

Біздің мақсат мүддеміз ортақ. Қазақстан Орталық Азияның, ал, Мажарстан Орталық Еуропаның қаржы хабына айналуды көздейді. Осыған қол жеткізу үшін байланысты бекемдеп, білімімізбен бөлісуге ниеттіміз. Екі елдің ұлттық банктері осы процесті ілгерілетудің қозғаушы күші болмақ. 

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу