Биыл қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаевтың туғанына - 125 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаевтың туғанына - 125 жыл

17.12.2024

Биыл қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаевтың туғанына - 125 жыл. Осыған орай ұлт ұясы Ұлытауда ұлы тұлғаға арналған 3 кітап, 2 деректі фильмнің таныстырылымы өтті. Қаныш Имантайұлының өмірі мен қызметінің бізге беймәлім тұстары бар ма? Ғалымның мыс тарихы жайлы жазуына түрткі болған не? Туынды авторлары осы сауалдардың жауабын беруге тырысқан.

Алдымен академиктің ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, тұлға рухына тағзым етілді. Тұсаукесері өткен алғашқы кітап «Академик Қаныш Сәтбаев және Қазақстанның үлкен мысы», деп аталады. Авторы есімі елге мәлім ғалым Сұлтанбек Мырзахметұлы. Металлург 90 жасқа қараған шағында қолына қалам алып, ұстазы жайлы естеліктер мен ой-толғауларды жинақтап шығуды шешкен.

Сұлтанбек Қожахметов, Қазақстан ғылым академиясының академигі:

Мен қазір өзім 89-ға келдім. Қанекеңмен тікелей 3 рет кездескен адам едім. Міне осы кездесулердің арқасында үлкен ғылыми атқарған Қанекеңнің мұрасының бірінші тарауы мынау металлургияның дамуы, оның ішінде мыс металлургиясының дамуы. Сондықтан қазіргі шыққан кітап Академик «Каныш Сатбаев и Большая медь Казахстана» деп жазылған.

Сонымен қатар шарада жазушы Батырбек Мырзабековтің «Мәңгілік ғұмыр» роман-эссесінің, кинорежиссер Берік Барысбековтің «Қаныш Сәтбаев. Күш-қабілетім халқыма» атты кітап-альбомы мен «Қаныш Сәтбаев пен Үлкен Жезқазған» және «Үш серіктес» атты деректі фильмдерінің таныстырылымы өтті.

Төлеген Бүкіров, Қазақстанның құрметті металлургі, Жезқазған қаласының құрметті азаматы:

Жалпы қазақ елінде жыл басынан бастап бүгінгі күнге дейін Қаныш Имантайұлына арналған үлкен іс-шаралар өткізіліп жатыр. Негізгі мақсат - Қаныш Имантайұлына арналып шыққан кітаптар, фильмдермен қайраткерді жұртшылықты таныстыру.

Келушілер авторларға туындыларға қатысты сауалдарын жолдап, тұшымды жауап алды. Өңірде Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жылдық тойы қарсаңында бірнеше шара жүзеге асты. Қаладағы Қаныш алаңы қайта жөндеуден өтіп, көріктенді. Облыс орталығында Қ.Сәтбаевтың мерейтойына орай 9-11 сыныптар арасында химия пәні бойынша республикалық олимпиада сәтті өтті.

Айта кетуіміз керек, таныстырылымы өткен 5 тарихи-танымдық, көркем-әдеби жобаның демеушісі – «Қазақмыс Корпорациясы».

Жандос Бақытұлы

Хабарламаларға жазылу